«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СІЗГЕ ДЕ, БІЗГЕ ДЕ СЫН!

 

Қара сөздің парқын түсінетін қадірлі оқырман қауым! Алда келе жатқан 2020 жылға баспасөзге жазылу науқаны басталғанын өздеріңіз де жақсы білесіздер! Біз осынау маңызды шара алдында көңіл көкжиегін оқып-тоқумен, ізденумен кеңейтуді мақсат тұтқан көзі қарақты, “қазақ”, “руханият” десе ішер асын жерге қоятын оқырманға сөз арнауды жөн көріп отырмыз. Бұл ұлт тарихының тереңіне бойлап, қалың жұртшылықты танымдық дүниелермен сусындатуды, өңірімізде, одан тысқары жерлерде болып жатқан жаңалықтардан хабардар етуді басты мұраты санайтын біз үшін ғана емес, сіздер үшін де жауапты сәт болмақ. Олай дейтін себебім, 2020 жылдың ақпанында халыққа қалтқысыз қызмет еткен Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған қасиетті қарашаңырақ өзінің 100 жылдығын тойлайды. Сәт сайын ілгері басқан уақыттың көшіне ілесіп, бүгінгі күнге үлкен абыроймен жетіп отырған, қай кезеңде де ұлттың сөзін сөйлеп, еңсесін тіктеуді мақсат тұтқан басылымның таралымын көбейту баршамызға ортақ міндет. 

Қазақтың маңдайына біткен аяулы перзенттерінің бірі Міржақып Дулатов:

“Газет-журнал оқысаң, көзіңді қазақ ашасың,
Дүние халін білмесең, ілгері қалай басасың?
Білгіштердің соңынан шұбырып біз де ерелік,
Газеттің сөзі – ертегі, ерігіп жазған демелік”– деп жырлаған екен. Содан бері де қаншама жыл өтті, дәуір алмасты, ұрпақ жаңарды. Бірақ қаламгердің әр қазаққа айтқан ақық ойларының мәні мен маңызы кеміген жоқ. Біздің басылым да ұлттың рухын көтеріп, халқымыздың намысын қайраған, жақсылыққа үндеген мақсат-мүддесінен айнымай, өңір өмірін қарасөзбен кескіндеп, өлеңмен өрнектеп келеді. Бірақ бүгінгі күні бізді алаңдататын басқа мәселе. Бұрынғыдай әріп танымайтын, жазу-сызуды білмейтін сауатсыз адамдар жоқ. Соның өзінде газет, кітап оқымайтындар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келе жатқаны жасырын емес. Әсіресе, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған біздің өңірде тектіліктің тамыры үзіліп, қазақы қалпымыздан ажырар болсақ, онда болашағымыз не болмақ? Рухани дүниесі кедей ұрпақ елдің сөзін сөйлемейді. Ал “Soltústіk Qazaqstan” газеті – ұлттың ар-намысы, халықтың қолдаушысы, төл дүниелеріміздің насихатшысы. Алдағы күндері қазақ тілді басылымның таралымы азаяр болса, сөз жоқ, оның салқыны біздің тілімізге, ділімізге тиеді.
Халқымызда “Қарашаңырақ” ұғымы киелі саналған. “Кедей сөзі” бесігін тербеткен, “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы”, “Soltústik Qazaqstan” сынды бес белестің басын қосып ержеткен қарт басылымымыз шынында да атына заты сай қарашаңырақ. Ендеше, “Жапырағы қуарған ескі үмітпен” деп ұлы Абай жырлағандай, өліп те, тіріліп те, бүгінгі жаңа заманға үлкен жолдан өтіп, абыроймен жетіп отырған газеттің оқырманының көбеюіне, таралымының молаюына бүгіннен бастап бір кісідей атсалысайық, ағайын!

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp