«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СІЗ САЙЛАУҒА ҚАТЫСАСЫЗ БА?

“Алдағы Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың сайлауына қатысып, дауыс бересіз бе?” – деген сауалды біз Петропавл қаласы жастарына жолдаған едік. Өрендер өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Абылайхан ҚАЙРОЛЛАЕВ, “Жас Отан” жастар қанаты қалалық филиалының төрағасы:

– 2016 жылғы 13 қаңтарда Парламент Мәжілісінің депутаттары кезекті отырысында Мәжіліс депутаттарын таратып, елде кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсыныс жолдағаны мәлім. Мәжіліс депутаттарының бұл ұсынысы Елбасымыздың “Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол” атты бағдарламалық мақаласында да айтылған көкейкесті мәселелерге байланысты туындағаны белгілі. Себебі, 2016 жылдың 1 қаңтарында “Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындаудың нақты кезеңі басталды. Мемлекет басшысы бұл бағдарламаның баяндылығын қамтамасыз ететін қадамдарды жүзеге асырудың негізгі түйіндерін көрсетіп берді. Бағдарлама бар, басым бағыттар айқындалды, оларды жүзеге асыру үшін не істеу керектігі нақтыланды. Ендігі мәселе жұмыла іске кірісуге, білекті сыбанып еңбек етуге келіп тіреледі. Бұл бағытта әрбір қазақстандық өзіндік үлес қосатындай шаруа тындырса, еліміздің дағдарысты еңсеріп қана қоймай, одан әрі дамуына серпін берері сөзсіз. Сондықтан да сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасаймын және жасотандықтардың да белсенділік танытуына атсалыспақпын.

Гауһар ТУЕБАЕВА,

М. Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің студенті:

– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, оның халқымыз үшін маңызына тоқталғым келеді. Баршамызға мәлім, әлем елдерінде орын алған экономикалық дағдарыс пен тұрақсыздық жедел шаралар қолдануға, дұрыс шешімдер қабылдауға итермелеп тұр. Осы тұрғыдан қарағанда, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға келетін жаңа адамдар ел дамуын жеделдету бағытында тың бастамаларды алға шығарып, Ұлт жоспарын жүзеге асыру ісіне соны серпін береді деп ойлаймын. Өйткені, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыруға барлық деңгейдегі билік өкілдері мен еліміздің әрбір азаматы жауапты. Әсіресе, еліміздің заң шығарушы органының жұмысы маңызды. Сондықтан да жыл басында сайлау өткізу – өте дұрыс шешім. Оның сәтті жүзеге асырылуы үшін барлығымыз өз үлесімізді қосқанымыз абзал. Сайлауға қатысу – елін, жерін сүйген, Отанының ертеңіне сеніммен қарайтын әрбір азаматтың парызы. Сондықтан да, алдағы 20 наурызда өтетін саяси шараға қатысып, өз дауысымды қалаған партиям мен депутаттыққа кандитаттарға беруді ұйғарып отырмын.

Сауалнаманы жүргізген

Ботагөз ТАСЕМЕНОВА,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp