«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СІЛЕТІДЕ ҚАУІП СЕЙІЛМЕЙ ТҰР

Екі жыл қатарынан көктемгі су тасқынының машақатын көрген Уәлиханов ауданының Қулыкөл ауылдық округінің тұрғындары көктем жақындаған сайын алаңдаушылық білдіруде. Осы елді мекеннің тумасы Бақыт Смағұлов редакциямызға хабарласып, төтенше оқиғаны болдырмау үшін атқарушы органдардың қандай жұмыс жүргізіп жатқанын біліп беруді өтінді.

Көктемгі су тасқыны кезінде бұл аумаққа қауіп төндіретін – Сілеті су қоймасы. Округтен 150 километр қашықтықта жатқан Ақмола облысына қарайтын қоймадағы артық суды ағызған кезде Сілеті өзені де арнасынан асып, айдынға жақын орналасқан ауылдарға су жайылып кетеді екен. Осының салдарынан 2014 және 2015 жылдары Қулыкөл мен Қаратал ауылдарын су басып қалған болатын.

Бұл елді мекендердің бүгінгі ахуалын, жұрттың көңіл-күйін ауылдық округтің әкімі Айнаш Исаевадан телефон арқылы білдік. Айнаш Хамзеқызы округтегі тіршілік бір қалыпты екенін жеткізді. Әзірге қауіп-қатер байқалмайды. Алайда, биыл қар көп түскендіктен, көктемгі тасқыннан қауіп күтетіндерін жасырмады. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін бөлінген екі трактор мен бір жүк тиегішпен қауіпті жерлерге құм үюге кіріскендерін айтты.

Одан әрі Сілеті су қоймасының директоры Евгений Сысолятинге хабарласуды жөн көрдік. “Сілеті өзенінің бойындағы ауылдардың қауіпсіздік мәселесі назарымызда. Алдағы аптада қоймадан су жіберу жұмысын бастаймыз. Өзенге ағызылатын судың жылдамдығы секундына 20 метр болады. Осылайша, қар ерігенше қойманы бір босатып алмақпыз. Бұл салада 20 жыл қызмет атқарсам да, ақпан айының соңында су жіберу тәжірибесін бірінші рет қолданып отырмын. Биыл қар қалың түскен соң осындай шешім қабылдадық. Қазір қоймадағы су тиісті мөлшердің 60 пайызын құрайды. Су деңгейі көтерілген кезде қоймадан өзенге жіберілетін судың да мөлшері артады. Оған дайын болуымыз керек. Осы мәселе бойынша жақында “Қазсушар” РМК-мен және атқарушы органдардың өкілдерімен бірге кеңес өткіздік. Жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Қорғаныс саласы да, тұрғындар да қамданып отырғандары жөн. Жолдардағы су өтетін құбырларды тазартып қойса, құба-құп”, – деді Евгений Иванович.

Ал Уәлиханов аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің басшысы Бауыржан Рақымжановтың мәлімдеуінше, су тасқынына қарсы шараларды жүзеге асыру үшін жедел штаб құрылған. Төтенше оқиға орын алған жағдайда округтің 1068 тұрғынын қауіпсіз жерге көшіру, орналастыру, тамақтандыру мәселелері ойластырылған. Тұрғындар мен оқушыларға төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілген. Су тасқынына 5200 литр жанар-жағармай, 18 техника дайын тұр екен.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp