
Петропавл қаласындағы “Көпбейінді жабдықтар зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек ететін Жұмажан Ахметжановты әріптестері ерекше құрметтейді.
Бүгінгі күні жүзден астам өнім түрін шығаратын кәсіпорында темір жонушы болып жұмыс істейтін азамат әртүрлі металл бұйымдары мен оларға қажетті қосалқы бөлшектерді өңдеумен қырық жылға жуық уақыт айналысып келеді.
Зауыт ұжымы үшін кез келген тапсырысты уақытында әрі сапалы орындау – басты талап. Жұмажан Ахметжанов әрбір бөлшектің дұрыс дайындалуына баса мән беріп, өзіне тапсырылған шаруаны дер кезінде атқаруға тырысады. Кәсіпорында еңбек етіп жүрген жастардың Жұмажан Ахметжановтан үйренері көп. Өзінің ізбасарларына кәсібінің қыр-сырын ұғындырып, тәжірибесімен бөлісетін азамат ұжым ортасында да сыйлы.
– Кез келген мамандықтың өз қиындығы болатындай, темір жонушы атану да оңай шаруа емес. Болашағын осы саламен байланыстырған әрбір адам ең алдымен төзімді болуы керек. Сонда ғана өзіңе жүктелген міндетті сапалы атқаратын болады, – дейді ұста.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.