
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында “Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті”, – деген болатын.
Елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Қызылжар жеріне жау аяғын бастырмай, халқына қорған болған қаһармандардың бірі – Сүйіндік батыр. Қалмақтармен соғыста ерен ерлік көрсеткен оғланның жерленген жері киелі орын саналады.
Қазақтың көне тарихы қағаз бетіне түсіріліп, архивтерде сақталмағанымен, ауыздан-ауызға тарап, осы күнге дейін жеткен. Бұл аңыздар – атадан балаға мирас болып қалып отырған мол мұраның бірі. Менің әкем Мүтәләп та ескінің әңгімелерін көп білетін және ұрпағына үнемі айтып отыратын. Марқұм әкем 1890 жылы дүниеге келіп, 1973 жылы қайтыс болды. Мен ес білгенде ол қазіргі Жамбыл ауданына қарасты Орталық ауылында шаруашылықтың малын бақты. Астында аты да жоқ. Таңертең ерте тұрып, малды жайылымға айдайды, түстен кейін сабақтан келе ағам Базар екеуіміз көмектесуге шығатынбыз. Сонда әкемнің айтқандары есімде қалыпты: “Сонау Жалтыр көлі мен Сүйіндік көлінің арасындағы дөңде батыр аталарың жерленген. Ол қалмақпен соғыста ерлік көрсеткен. Сол зиратқа малды жібермеңдер, топырағын басқызбаңдар”, – деп ескертуші еді. Ал сол зираттан екі-үш шақырым жерде “қалмақ қыстаған” деген жер бар. Томарлы су басқан, аққайыңдар өсіп тұр. Жаз шыға әкем мен шешем үшеуіміз, сол қалмақ қыстауына барып, үй майлайтын ақ балшық қазып алатынбыз. Құм араласқан балшығы аппақ болатын.
Бұл мақаланың толық нұсқасын газетіміздің 2018 жылғы 10 қаңтардағы №2 санынан оқи аласыздар.