«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҮТ ӨНДІРУДЕН КӨШ БАСЫНДА

Солтүстік Қазақстан облысында сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту жалғасуда. Оған мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етіп отыр. Өңір республикада жалпы сүт өндіру көлемі бойынша Түркістан облысынан (447,1 мың тонна) кейін екінші орында тұр. Облыста өткен жылы 370,6 мың тонна сүт сауылған. Яғни өңір агроқұрылымдары сүт өндіру көлемі бойынша республикалық көрсеткіштің 16 пайызын құрайды.

Облыс аумағында 110 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді, оның 42-сі – 400-ден 1 800 басқа дейінгі мал басына шақталған өнеркәсіптік үлгідегі қазіргі заманғы сүт кешендері. Ұйымдасқан шаруашылықтар өңірдегі сүт өндірудің жалпы көлемінің 60 пайыздан астамын қамтамасыз етеді.

2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне негізделген ауқымды республикалық бағдарлама шеңберінде сүтті мал шаруашылығын дамытуға 100 млрд. теңге бөлінді, оның 17 млрд. теңгесі біздің өңірге бағытталды. Бұл қаражат 11 мыңнан астам ірі қара ұстауға есептелген 19 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді. Толық қуатқа шыққаннан кейін жаңа кәсіпорындар жылына қосымша 70 мың тоннаға дейін сүт өндіре алады. Бұл жобалардың 17-сі өткен жылы пайдалануға берілді, екі жоба биыл аяқталады. Республика бойынша осы жылы барлығы 39 жаңа тауарлы-сүт фермасы салынды, оның төртеуі Солтүстік Қазақстан облысында бой көтерді.

Өңір былтыр қосымша тағы 6 млрд. теңге алды. Бұл қаржыға 8 жаңа жоба іске асырылуда. Биыл салынатын жалпы саны 7 мың бас ірі қара бағылатын 11 тауарлы-сүт фермасын қосқанда, 22 жаңа жобаны іске асыру үшін 17 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Бұл нысандар жыл сайын қосымша 47 мың тонна сүт өндіруді қамтамасыз етеді.

Соңғы бес жылда Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы құрылымдарында сүт өндіру көлемі 56 пайызға, яғни 92,5 мың тоннадан 165,3 мың тоннаға дейін өсті. Өсім 72,8 мың тоннаны құрады. Бұл – мемлекеттік қолдаудың тиімділігінің және өңірдегі сүт саласының тұрақты дамуының көрсеткіші.

Осылайша Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі сүтті мал шаруашылығының негізгі орталықтарының бірі ретінде өз позициясын нығайтуды жалғастыруда. Заманауи технологияларды енгізуге және өндірістік қуаттарды кеңейтуге бағытталған саланы дамытуға жүйелі көзқарас өңірге ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, өнім экспорты үшін әлеуетті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp