«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ: “ЕҢ БАСТЫСЫ – ҚАЗАҚТЫҢ САНЫН АРТТЫРУ КЕРЕК”

– Елбасының Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін қолға алған игі істерінің бірі – тарыдай шашыраған бар қазақтың басын қосу. Осыған байланысты 1992 жылы алғашқы құрылтай өтті. Одан кейін төрт құрылтай ұйымдастырылды. Міне, күні бүгінге дейін Қазақстанға 1 миллионға жуық қандасымыз қоныс аударыпты. Ал Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шынында да елімізде қазақтардың үлес салмағы 40 пайыз ғана болған. Енді 65 пайызға жетіп отыр. Бұл – Тәуелсіздігімізді нығайта түсетін басты фактор.

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда қазақтардың саны жылына 1 пайызға артып келеді. Сондықтан 2020 жылға қазақтардың үлес салмағын 70 пайыздан асыру керек. Егер асса, Тәуелсіздігіміз барынша нығая түсер еді.

Еуразиялық экономикалық одаққа қосылғанымызды өз басым құптаймын. Өйткені, мен шетелдерге көп шыққан адаммын. Әр елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын, даму жолдарын, даму бағыттарын көріп жүрміз. Осы тұрғыда Қазақстанды басқа мемлекеттермен салыстырар болсақ, біздің еліміз Еуразия құрлығының орталығында орналасқан. Теңізге, мұхитқа шығар жолы жоқ. Мұның өзі басқа елдермен сауда-саттық жасасуға бір жағынан қолбайлау екені даусыз. Сондықтан біз шекарамызды бекітіп қойып, жападан-жалғыз отыра алмаймыз. Қазіргі заманда бұл мүмкін де емес. Сондықтан өз мүддемізді толығымен сақтай отырып, басқа елдермен байланыстыратын темір жолдар салып, экономикалық одақтарға бірігуге болады деп есептеймін. Әрине, Украинадағыдай жағдай болып қалмас па екен деп қауіп білдіретіндер де бар. Бірақ барлығы өзімізге байланысты. Украинада ә дегеннен “орыс тілі құрысын” деген секілді саясат жүргізілді. Ал бізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ұлтаралық татулық саясаты жүргізіліп келеді. Халық бұл үлкен саясатты түсініп қана қоймай, татулық пен бейбітшілік жолына өз үлесін қосып отыр.

Мен қазақ тілі жөнінде бұдан 25-30 жыл бұрын өте көп жаздым. Неге? Өйткені, басқа өңірлерді айтпағанда, бір Алматының өзінде ол кезде бір ғана қазақ мектебі болды. Алматының айналасында да жағдай мәз болмады. Мысалы, сол кездегі Целиноградқа бара қалсаң, көшеде қазақша сөйлеген бір адамды көрмейтінсің. Ал қазір ше? Қазір мен тіл туралы ештеңе жазбаймын. Қойдым. Неге? Қазір жылына қазақ мектептерін бітіретін түлектердің саны орыстілді мектептерді бітірген түлектерден бірнеше есе артық. Бұл – менің түсіме де кірмеген құбылыс. Жер-жерлерде қаншама қазақ мектептері ашылып жатыр. Бұған шүкіршілік жасау керек. Сол үшін қазақ тілінің халі мүшкіл деп зарлай берудің қажеті жоқ. Ең бастысы – қазақтың санын арттыру керек. Егер қазақтың саны артар болса, онда тілге байланысты мәселелер де шешіледі, еліміздің тұрақтылығы да артады, Тәуелсіздігіміз де нығая түседі. Оның бір жолы – тағы да қайталап айтам, шетте жүрген қазақтарды біртіндеп елге қоныстандыру.

  “ҚазАқпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp