«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҰЛУДЫҢ БӘРІ АРУ МА?

Кезекті бір сұлулар байқауы өтіп жатыр. Қазір өткізіле беретін болды ғой. Аудандікі, қаланікі, облыстікі, одан да әрі жоғары. Әр ауылдың өз аруы, әр ауданның өз сұлуы. Тек көше-көше болып қана өткізген жоқпыз…

– Ұлтымыз сұлуланып келе жатыр, – деді бір жанымда отырған әріптесім сахнадағы тал шыбықтай бұралған хас сұлуларды жасаураған көзімен ішіп-жеп.

Байқауда бағын сынаған бойжеткендер бірінен-бірі өткен өңкей сұлу. Қимыл-қозғалыстары қандай?! Лүп еткен желмен теңселген қырмызы қызғалдақ тәрізді. Тек киімдері ғана жаңа заман үрдісіне сай, әнтек ашылған етек-жеңнен шайтан сығалағандай…  

Біздікі – сыртқы пішінді, мінсіз бітімді, көрікті кескінді тамашалау. Оған қоса халықаралық стандарттарға сай өлшемдері де болады екен. Бойының ұзындығы, белінің жіңішкелігі және тағы басқа. Бірінші бойжеткен өзін-өзі таныстырудан сүрінді. Алдын ала жаздырып алған болуы керек, тәп-тәуір мәтінді жатқа айта алмады. Екіншісі де осы межеде сүрініп барып жығылды. Күнде сөйлеп жүрмеген соң ұлты қазақ болғанымен, өзінің ана тілінде тілі жаңа шығып келе жатқан сәби тәрізді былдырлап сөйлейді екен.

Аздан соң үзіліс жарияланды. Бойға жүребіткен айықпас ауруымыз бар темекі деген. Сыртқа шыға сала будақтаттық. Бізден сұлулар сайысына түсіп жатқан екі-үш бойжеткен де қалысқан жоқ. Қатар түтіндеттік…

Бізде осы сұлулар сайысын “Арулар сайысы” деп атайды ғой. Ал ару ұлттық ұғымымызда тал бойында бір мін жоқ, сыртқы бейнесіне жан дүниесі сай сұлу болса керекті. Ал бұл жолғы таңданып, тамсанып тамашалағанымыз тек суықтау сыртқы бейне ғана. Шылымды ерлермен қатар бұрқыратып тұрған қызды ару деуге аузың бармайды-ау…

Ендеше арулар байқауы дегенше, сұлулар байқауы дей салайықшы.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp