Қыз-келіншек атаулының жаны әдемілікке құштар. Бас бостандықтарынан айырылып, темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатса да, әйелдер сұлулық әлемінен қол үзген емес. “ЕС-164/6” мекемесінің тәрбие жұмысы жөніндегі бөлімі жазасын өтеушілер арасында ең үздік шаш үлгісі байқауын өткізді.
Байқауға қатысушылар қажетті керек-жарақтарын алдын ала әзірлеп, өздерінің шығармашылық жұмыстарының тұсаукесерін жасады. Олар бұл жарыста барын салып, шаш қою өнерінің қыр-сырына әбден қанық екендерін көрсете білді. Әсемдік әлеміне терең үңілген әйелдердің қиялы қазылар алқасы мүшелерін таңғалдырды.
1-ші отрядта жазасын өтеушілер түрлі салтанатқа арналған классикалық шаш үлгісін таңдап, моншақ, лента және гүлдерді шебер қолдана білді. 2-ші отрядтағылар “Модерн” стилін жөн көріп, ассиметрия мен шаш өруден бар өнерлерін паш етті. Ал 3-ші отрядтағы әйелдер карэ, шаш бұйралау және диадемамен әшекейлеуден алдына жан салмай, осы заманғы шаш үлгісінен хабардар екендерін көрсете білді.
Жазасын өтеп жатқан әйелдердің бет-әлпеті заматта өзгеріп, құлпыра түскендері соншалық, оларды бірден танудың өзі қиынға соқты. Осындай шығармашылық шаралар жаза басқан әйелдердің көңіл күйін көтеріп, бір серпіліп қалуына септеседі.
Оксана ВЫШАР,
“ЕС-164/6” түзеу мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие, әлеуметтік-психологиялық жұмыс жөніндегі бөлімшесінің бастығы.