Өнерсүйер қауымға мәдени-рухани құндылық, эстетикалық тәрбие беріп, тарихтан сыр шертетін сахна төрі қашанда киелі болып саналады. Осындай өнер ордасының қайнаған қазанында жүрген еңбекқор жандардың бірі – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының суретші-құрастырушысы Николай Корякин мен киім сәндеушісі Светлана Таныгина.
Ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбекпен ұжым ортасында құрмет-қошеметке бөленген театр қызметкерлерінің бірі бүгінде елуді еңсерсе, екіншісі алпысты алқымдап қалған. Бүгінде жинаған тәжірибесі мол, білікті, білімді, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын қос қолөнерші мерейтойлары қарсаңында облыстық бейнелеу өнері мұражайында көрме ұйымдастырды.
Николай Корякин көрмеге өзінің жиырмадан астам суреттерін қойса, Светлана Таныгина келушілердің назарына эскиздерін, жарнамаларын, түрлі қойылымдарға арналған костюмдерін ұсынды.
Қос суретші 2006 жылы өз көрмелерін сәтті өткізген болатын. Енді, міне, араға бірнеше жыл салып, көрермендердің назарына жаңа эскпозиция ұсынылды. Мұның барлығы – жоспарлы жұмыстың жемісі.
Ерекше дарыны бар суретші Николай Корякин сексенге жуық спектакльді көркемдесе, Светлана Таныгина – тоқсаннан астам қойылымдарға эскиз жасап, осы салаға сүбелі үлес қосқан шебер маман. Өмір мен өнерді ұштастыра білген суретшілердің қолынан шыққан әр туынды ерекше сұлулықпен өрнектеліп, әдемілікпен көмкерілген.
Көпшіліктің көңілінен шыққан көрме бір ай бойы жұмыс істейді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
