«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҰЛУ ЖЫРДЫҢ СҰҢҚАРЫ

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай көрме өткізілді. Шараға Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенттері мен №43 мектептің оқушылары қатысты.

 Көрмеге Сәкен Сейфуллиннің жеке ісінен алынған құжаттар көшірмесі қойылған. Онда ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген мәліметтер келтірілген. 1913 жылы қаламгер Омбы мұғалімдер семинариясына оқуға түсіп, Мағжан Жұмабаевпен қатар білім алған. Құнды қағаздардың арасында Сәкеннің оқу үлгерімі туралы құжат та бар. Жазбалардың барлығында дерлік ақын аты-жөнін Сәдуақас Сейфуллин деп көрсеткен. Бұл азан шақырып қойған есімі болғанымен, ақын анасының Сәкен деп еркелеткен атымен тарихқа енген екен. “Қаламгер ұзақ жылдар бойы халық ағарту комиссары болып, білім саласында біраз істер атқарды. Қазақ әдебиетінің дамуына зор үлесін қосты. Осындай еңбегі үшін Сәкен Сейфуллин алғашқылардың бірі болып “Қызыл жұлдыз” орденімен марапатталған” – деді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің қызметкері Зәмзагүл Закирина. Алайда, ақын да сол тұста өмір сүрген өзге қаламгерлермен қатар саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналады. Оның “Тар жол тайғақ кешу” романында сол кездегі қоғамның әділетсіз тұстары жан-жақты жазылып көрсетілген. Жазықсыздан-жазықсыз жапа шеккен қаламгер дүниеден өткен соң, 1958 жылы ақталды.
Көрмеге жиналғандар Сәкен Сейфулиннің “Мир труда” газетінде жарияланған материалдарымен де танысты. Олар, әсіресе, қаламгердің фотосуреттері мен жеке өмірі туралы мағлұматтарына қызығушылық танытты. “Көрме барысында Сәкен атамыз туралы жақсы деректі фильмді тамашаладық. Ол өмір жолында көп қиындық көрген екен. Бүгінгі көрмеде ақын жайында көп мағлұматқа ие болдым”, – дейді Ғабит Мүсірепов атындағы №43 орта мектептің оқушысы Карина Глущенко.   

Сурет wikipedia.org сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp