
Облыс орталығындағы “Дельфин” субұрқағы жаңартылған күйде өз жұмысын бастады. Субұрқақ 24 жоғары қысымды жаңа сорғышпен жабдықталып, 52 сәулелі шырақ, 30 түсті жарық шашады. Қуаттылығы 2000 ваттық 4 дауыс зорайтқыш айналаға әсем әуен таратады. “Дельфин” субұрқағының бұл кереметін тамашалау үшін қала тұрғындары кешкі сағат 22.30-да сол маңға жиналары анық.
Осындай заманауи субұрқақты орнату жөніндегі ұсынысты облыс әкімі Ерік Сұлтанов жасаған болатын. Нысанның жобасын “Апаттан құтқару қызметі” өндірістік кооперативінің мамандары әзірлеп, жүзеге асырған. Бұл – олардың алғашқы тәжірибесі.
– Астана күні қарсаңында қалалықтарға көтеріңкі көңілкүй сыйлау үшін “Дельфин” субұрқағын жөндеуден өткіздік. Барлық қажетті құрылғылар Германиядан әкелінді, – дейді “Апаттан құтқару қызметі” ӨК директоры Юрий Бацанов.
Бұл жобаға қала бюджетінен 30 миллион теңге бөлінген.
Сағыныш МАРҚАШЕВА,
журналист.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.