«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҰРАНЫСҚА САЙ ӨНІМ ШЫҒАРАМЫЗ

Біздің “Полимерлік композиттер зауыты” ЖШС “Сапро-НАТ” серіктестігінің еншіліс кәсіпорны ретінде үстіміздегі жылғы сәуір айында құрылды. Алғашында шағын цехқа екішнекті экструдер, дозаторлар, салқындату ваннасы, түйіршіктегіш, түйіршіктерді жинақтаушы-сыйымдылық, пневмоартқыш, жылдамдықты қоспалауыш сияқты қондырғылар орнаттық. Сөйтіп, сол желі арқылы түйіршікті композициялық материал әзірледік. Дайындалған өнім Омбы, Тольятти, Москва қалаларында зертханалық сынақтан өтіп, сертификатталды. Шикізатқа мұнай қалдықтары пайдаланылады. Ол үшін Омбы мұнай өңдеу зауытымен арнайы келісім жасадық. Мұндай өнім шығаруға кірісуіміздің басты себебі – полиолефиндер (полипропилен, полиэтилен, полистирол) базасында жасалатын толықтырылған композициялар Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Украина нарығында мол сұранысқа ие. Композициялық материалдар өнеркәсіптің барлық салаларында, атап айтқанда, автомобиль, жиһаз жасауда, электр және резеңке техникасында, тоқыма өндірісінде кеңінен қолданылады. Олар темір мен ағашты алмастырады. Бұл өнімдер сонысымен құнды. Мысалы, автомобильдердің бамперлері, әйнектердің тығыздауыштары осы композициялық материалдардан жасалады. Бұл материалдар жылуға, мыс иондарына, қышқылданып бұзылуға, салмақ түсуге төзімді сияқты көрсеткіштер бойынша бағаланады. “Омбы каучугі” ААҚ изопренді каучук өндірісін игеру арқылы төртінші көрсеткішке қол жеткізбек. Ондай өнім кабель жасау өндірісінде пайдаланылады. Омбылық әріптестерімізбен бірлесе жұмыс істей отырып, осындай өндіріс орнын өзімізде аштық.

Бұл жобамыз облыс әкімдігі жанындағы үйлестіру кеңесінде қолдау тауып, өңірдің Индустрияландыру картасына енгізілді. Бұған дейінгі шағын цехта 7 адам еңбек ететін. Таяуда “Сапро-НАТ” ЖШС-нің күшімен аумағы 1 мың шаршы метрді құрайтын ангар тұрғызып, жаңа желіні сонда орналастырдық. Қазір жаңа орында 11 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта жаңа желі арқылы бір айда 30 тоннадай полимерлік композиттер шығаратын боламыз. Зауыттың бірінші кезегінің қуаттылығы осындай. Қазіргі кезде байқау үшін шығарылып жатқан өнімдер Омбының “Аква-Пластика” жауапкершілігі шектеулі қоғамына жіберілуде. Бүгінгі күнге дейін аталмыш ЖШҚ-ға 3 млн. теңгенің қапталған түйіршігі жөнелтілді. Біздің полимерлік композиттер шетелде, әсіресе, Ресей Федерациясының Омбы облысында мол сұранысқа ие. Облысымыздағы полиэтилен құбырларын шығаратын кәсіпорындар да өнімімізге қызығушылық білдіріп отыр. Өндіріс толығымен іске қосылған кезде өнімімізді қайда өткіземіз деп алаңдамаймыз. Өйткені, біздің өңірде ғана емес, Қазақстанның көптеген облыстарында осындай өнім шығаратын кәсіпорын жоқ.  

Өңірдің Индустрияландыру картасына енген жобаны биыл қазан айында ресми іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сол кезде біздің өнімнің таралу географиясы анықтала және нақтылана түсетін болады.

Абзал ТЕМІРБЕК,

“Полимерлік композиттер зауыты” ЖШС директоры.

СУРЕТТЕ: А. Темірбек.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp