Ел арасында халық әні аталып кеткен немесе қазақ өнер аспанындағы біртуар тұлғалар туындыларының әрқайсысының шығу тарихы бар. Біз әңгіме еткелі отырған “Сұршақыз” әнінің тарихы, тіпті, ерекше.
1840-1910 жылдары Баянауылда өмір сүрген балуан, сері, өнерпаз Арап Байдалыұлын сол жақта тұратын жұртшылық жақсы біледі. Зерттеуші Әлкей Марғұлан бір еңбегінде: “Жаяу Мұсаға жаны жақын болып, оның өмірін, әндерін әуес еткен әнші-серілердің бірі – Арап. Араптың әлеуметтік ісі Мәди, Ермағамбет, Балуан Шолақ сияқты тұлғалардың ерлік ісімен бірдей – халықты аяусыз жәбірлейтін болыстармен ұстасу не күш көрсететін көрші кулактармен айқасу болды”, – деп жазады. Арап батыр Сұршақыз деген қызды алып қашып, Сырымбеттегі Шыңғыс төре ауылын паналағанда, төрелер оны ұры деп қасақана ұстатып, абақтыға жапқан.
Сұршақыздың шын есімі – Күнбөпе (1840-1932). Әкесі Бөде елге белгілі болыс болған. Арап батыр мен Күнбөпе жайында: “Арап әнші Бөденің үйіне келісімен ол қыздан көзін айырмайды, екеуінің махаббаты күн-түн сайын арта береді. Арап батыр ешбір бөгелместен Сұршақызды алып, Көкшетауға тартады. Бірақ үміт пен сескенудің арасында келген Арап бұл жерде Сұршақызбен бақытты болып тұра алмайды. Өйткені, бұл жердің болыстарының арамзалығы өзге жердің болыстарынан кем түспейді”, – дейді Ә.Марғұлан.
Сұршақыз жөніндегі оқиға Көкшетау маңындағы Жақып төренің Арап батырға жасаған қысастығымен байланысты өрбиді. Бұл туралы Әлкей Марғұлан бастаған бір топ ғалым мен жазушылар көптеген мақала жазған. Олардың туындыларында бір-бірлеріне деген сезімдері шынайы ғашықтар амалсыздан Шоқан Уәлихановтың туған інісі – Жақып төре ауылын паналағаны туралы айтылған. Жақып пен Арап батыр екеуі дос болған деседі. Арап: “Сенің қолыңда билік бар ғой”, – деп одан сауға сұрап барғанда, Жақып еш қарсылық танытпастан қолтығының астына алады. Ал Зейнеп қыз бен жігітке қонақжайлық көрсетіп, оларға бөлек үй тіккізген. Алайда, Жақып төренің ішінде Арап батырға деген қызғаныш пайда болып, Сұршақызға көз сала бастайды. Болыстың зұлымдығы ақыры екеуін айырып тынады. Арапты ұры деп оязға ұстатып, абақтыға жапқызады. Ал Күнбөпе Жақып төренің бұл әділетсіздігіне көнбей, оның залымдығын бетіне салық қылып, басқа біреуге тиіп кетеді.
Сұршақыздан айырылған Арап Көкшетаудан Омбы абақтысына бара жатып, оған арнап өзінің атақты “Сұршақыз” деген әнін шығарады. Ол әннің алғашқы шумағында алдағы өмірінен күдер үзбей, бұл сынақтан да аман өтетініне сенім білдіреді. Ал екінші шумағы ғашық жарынан айырған әділетті білмеген арамза болысты әшкерелеуге арналған.
“Сұршақыз” әнін Жаяу Мұса мен Балуан Шолақ та орындаған. Бірақ олар орындаған ән біраз өзгеріске ұшыраған. Жаяу Мұса орындаған “Сұршақыз” әні “Біржан – Сара” операсында Сараның ариясы ретінде айтылады.
Неше жыл жүрсем-дағы мен айдауда,
Шыдаймын, қажымаймын денім сауда.
Дәм жазып осы жолдан аман қайтсам,
Сұршақыз, көрісерміз Баянтауда.
Қайырмасы:
Аспанда жырлар бозторғай,
Шіркін, әннің бұлбұлы-ай.
Ахау, Сұршақыз, дүние-ай,
Енді, есен бол-ай.
Боларсың сен де мендей, маған күлсең,
Ханзада, жауыздардан қорлық көрсең.
Ауызың күлмек тұрсын, қисаяды,
Айырылып ат-тоныңнан жаяу жүрсең.
Қайырмасы.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ, күйші.