«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘБИДІҢ ӨМІРІН ҚҰТҚАРДЫ

Еркен Жұматаев мемлекеттік өртке қарсы қызметте 16 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Ол облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бөлім бастығы, өртке қарсы қызмет майоры. Әріптесіміз тілсіз жауға және өзге де төтенше жағдайларға тап болған адамдарды әлденеше рет ажал аузынан құтқарды. Жақында осындай абзал жанның отбасына көмек керек болып қалды.

Еркеннің 9 айлық сәбиінің өмірі қыл үстінде еді. Оның қан құрамындағы гемоглобині төмендеп кеткен екен. Сәбидің өмірін құтқару үшін жедел түрде қан құю қажет болды. Алан өткен жылдың шілде айында айы-күні жетпей, алты айлық болып дүниеге келді. Перзентхананың дәрігерлері оның өмірі үшін үш апта бойы күресті. Енді, міне, тағы да нәрестенің өміріне қауіп төнді.  

Еркенді ұжымы қиындықта жалғыз қалдырмады. Сәби денсаулығының жақсаруы үшін 10-15 адамның қаны жететін еді. Бірақ көмек қолын созуға даяр адамдар екі есе көбейді. Бір күннің ішінде облыстық қан орталығына департамент, өрт сөндіру, апаттан құтқару, суда құтқару қызметінің қызметкерлері мен өртке қарсы қызметтің ардагерлерінен құралған 56 адам қан тапсырды. Орталыққа тапсырылған донорлық қан әлі талай адамдардың өмірін сақтап қалатынына шүбә жоқ.

Нәрестеге қан сол күні құйылды. Бір аптадан соң Алан ауруханадан шығып, аман-есен отбасына оралды. Нәрестенің денсаулығы бірқалыпты. Еркен мен оның зайыбы Гүлмира ұлдарының сауыққанына дән риза. Олар департаменттің ұжымына өз ризашылықтарын білдірді.

Евгений ЖУРАВЛЕВ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp