
Облыстық мамандандырылған ауданаралық сотта биылғы жылғы ең жантүршігерлік қылмысқа қатысты сот отырысы өтуде. 39 жастағы Айнагүл Дүйсекина мен оның 3 жасар қызын жауыздықпен өлтірген күдікті Игорь Дементьевтің ісі қаралуда.
Жұртшылықты дүрліктірген қанды оқиға биылғы жылдың тамыз айында Мамлют ауданының орталығында орын алды. Белгілі болғандай, 25 жастағы күдікті Игорь Дементьев марқұммен бірге тұрған. Алайда, жәбірленуші өзінен 15 жас кіші адаммен байланысын туыстарынан жасырған. Мемлекеттік айыптаушы Қайрат Ермекбайдың айтуына қарағанда, 6 тамыз күні кешкі уақытта күдікті марқұмның үйінде болған. Сол күні Айнагүл Дүйсекинаның үлкен қызы туыстарының үйіне қонуға кетсе, 3 жасар қызы қасында қалған. Айыпталушы есірткі затын қолданып, жәбірленуші екеуі спирттік ішімдік ішкен. Түннің бір уағында далаға шыққан олар сөзге келіп қалады да, айыпталушы әйел мен бүлдіршінді соққыға жығып, естерінен танғанша ұрған. Одан кейін Игорь Дементьев асүйдің пышaғымен марқұмдардың денесіне бірнеше жарақат салған. Онысымен қоймай, бұдан кейін де жансыз денелерін қорлаған. Аяусыз соққылардың салдарынан әйел мен қызы оқиға орнында көз жұмған.
Айыптау құжаттарында көрсетілгендей, Игорь Дементьев жауыздықпен өлтірген әйел мен бүлдіршіннің мәйіттерін жасырғаннан кейін түк болмағандай ұйықтап қалған. Ұйқысын қандырған соң марқұмдардың құлағындағы алтын сырғаны шешіп алып, банк картасын қолды етеді. Келесі күні Петропавл қаласына келіп, полиция құрықтағанға дейін ұрлаған ақшаның есебінен сауық-сайран құрған. Тәртіп сақшыларына ұсталып қалмаудың амалын жасаған ол банк картасындағы ақшаны басқа бір танысына алғызған. Ал сырғалар сынық болғандықтан, ломбардқа өткізе алмапты.
Сот отырысында айыпталушы мен оның қорғаушысы журналистерге өздерін камераға түсіруге қарсылық білдірді. Ал мерт болған әйелдің ағасы күдіктіге ең ауыр жазаны тағайындауды және моральдық шығынды өтеуді сұрады. Бұл қылмысы үшін Игорь Дементьев ұзақ жылға немесе өмірінің соңына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.