«28 петель» клубы өңірлік филиалының өкілдері шала туған сәбилерге жүннен тоқылған киім-кешекті сыйға тартты. Волонтерлар алдын ала жан сақтау бөлімінің қызметкерлерінен ем қабылдап жатқан нәрестелердің тізімін алып, тоқымашыларға тапсырыс берген.
Бүгінде мұндай көмекке облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген он сәби ие болды. Еліміздің әр өңірінде жұмыс істейтін волонтерлық қозғалыс бұл қызмет түрін 2012 жылдан бері тегін ұсынуда. «Біз 8 жылдың ішінде балалар ауруханаларының жан сақтау бөлімдерімен тығыз байланыс орнаттық. Соның арқасында талай шақалақтың денсаулығын нығайтуға жәрдемдестік. Мәселен, біздің тоқымашылар дайындаған шұлықтардың емдік қасиеті зор. Олар балалардың жүке жүйесін қалпына келтіріп, аурудан тез айығуына септеседі», – дейді филиал төрайымы Әсемгүл Кәкпенова. Бүгінгі күнге дейін жаны жомарт жандар перинаталдық орталыққа 200-ге жуық кеудеше, 189 бас киім, 188 шұлық, 128 көрпе мен 149 жұмсақ ойыншықты сыйға тартқан.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 450 мыңға жуық бала дүниеге келеді. Солардың 4-12 пайызы – мерзімінен бұрын туғандар. Олардың арасында салмағы бір мың грамға жетпейтін сәбилер де бар.
Сурет https://rg.ru/ сайтынан алынды.