Ол бүгін әдеттегідей жұмысына ерте келді. Кіршіксіз таза ақ халатын киіп, қойын дәптеріне үңілді. Қалың ойға берілгені соншалық жұмыс кабинетінің есігін қаққан адамға да елең етер емес. Қатты соғылған тықыл ойды бұзып жібергендей. Міне, осылай күнделікті тынымсыз тіршілік те басталып кетті.
Есіл аудандық орталық ауруханасында балалар дәрігері болып жұмыс істейтін Айгүл Қалыбаеваның күнделікті жұмыс кестесі тығыз. Кішкентай науқастарды қабылдап, ем-дом жүргізудің қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті. Бала түгілі өзіміз де басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, жанымызды қоярға жер таппай, дәрігерден көмек сұраймыз. Ал “балам ауырғанша, өзім ауырсам” дейтін кейбір ата-аналар сәбиінің сырқатына араша іздеп, дәрігердің “екі аяғын бір етікке тығады”. Мұндайда ата-аналарды сабырға шақырып, олармен өзара тіл табысу дәрігер үшін оңай шаруа емес. Бірақ жұмысы соншалықты ауыр болса да, өз ісінің білгірі, тәжірибелі дәрігер Айгүл Қаржаубайқызы тығырықтан шығатын жол табады. Өйткені, ол өзінің мамандығын сүйеді. Жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, ләззат алады. Оны дәрігермен кездесу барысында аңғардық.
Ақмола мемлекеттік медицина академиясын 2002 жылы педиатр мамандығы бойынша бітірген ақ халатты абзал жан еңбек әліппесін Есіл ауданының орталығы Явленка ауылынан бастайды. Үлкен отбасылық өмірге әрі еңбек жолына жұбайы Жанат Абылаевпен бірге қадам басқан ол жолдамамен учаскелік педиатр болып жұмысқа орналасады. Кейін өзінің білімінің арқасында балалар дәрігері болады.
Құдай қосқан қосағы Жанат та білікті оташы. Аудандық ауруханада жұмыс істейтін қос дәрігердің өмір жолы кейінгі буын жастарға үлгі. Бүгінде Айгүлді аудан жұртшылығы білікті дәрігер ретінде құрмет тұтады. Өзінің еңбекқорлығы мен жұмысқа деген жауапкершілігінің арқасында ұжым ортасында да құрмет пен беделге ие.
– Гиппократ антын қабылдаған соң кез келген дәрігер өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарауға тиіс. Кішкентай науқастарымның көңілінен шығу үшін әуелі олардың ішкі жан дүниесіне үңілемін. Менің еңбегім балалардың бақыт құшағында шомылған тәтті күлкісімен бағаланады. Балалар дәрігері үшін бұдан асқан бақыт жоқ, – деді ол.
Арнайы бекітілген тәртіп бойынша педиатрға күніне 28 бала қабылдау жүктелген. Алайда, ол бір күнде 60, тіпті 100 балаға дейін қабылдайды. Жұмыстың жеңілі жоқ, десек те, дәрігерлердің жанкешті еңбегі лайықты бағалауды қажет етеді. Аптасына екі рет өзінің әріптестерімен бірге ауылдарға барып, ондағы науқас балаларға ем-дом жасайды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Есіл ауданы.