Бала – өмірдің мәні, жалғасы. Әр үйді бақыттың бағына айналдырып, күміс күлкісімен қуанышқа бөлей білген бала – біздің барымыз, баға жетпес байлығымыз. Егемен елімізде ана мен бала – әрқашан мемлекет қамқорлығында. Білім, денсаулық, мәдениет салаларын алып қарасақ, біліктілігін шыңдап, биікке қол жеткізуге ұмтылған балаларға жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанына көз жеткізуге болады. Мұның барлығы – кемел келешек үшін жасалып отырған қарышты қадамдар.
Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауларында ана мен балаға ерекше назар аударып, олардың мәселесіне еліміз немқұрайды қарамайтынын атап өтеді. Өз басым ана ретінде балаларымызға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек үшін дән ризамын. Осыдан бірнеше жыл бұрын елордамыз – Астана қаласындағы ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығына Дариға есімді қызымды апарып, екі апта ішінде тиісті ем-дом алдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен ашылған орталықты біз мақтан тұтамыз және барша аналар атынан ақ алғысымызды білдіреміз. Өйткені, бұл Президентіміздің аналар мен балаларға деген жақсы көзқарасын, ақ ниетін аңғартады. Халыққа кең көлемді қызмет көрсетіп отырған орталық еліміздегі жоғары дәрежелі мекемелердің бірі болып саналады. Елбасымыздың денсаулық саласының осындай бағытта дамуына барлық мүмкіндікті жасап отырғаны ертеңгі күнге деген сенімді шыңдай түседі.
“Жақсы сөздің өзі шипа” дегендей, орталықта білікті мамандардың ақыл-кеңесін тыңдап, олардың балаларға деген қарым-қатынасын көргенде жүрегіме қуаныш сезімі ұялағандай болды. Өйткені, бұл орталықта ақ халатты абзал жандар әр сәбиге ерекше ден қойып, дәрі-дәрмекпен ғана емес, таза ниеттерімен жүрекке жол тауып, көңілге демеу береді. Еліміз бойынша ең ірі емдеу-диагностикалық, ғылыми-зерттеу ордасы болып саналатын орталықта анаға да, балаға да кәсіби деңгейі жоғары медициналық көмек көрсетіледі. Ана мен бала орталығында медициналық қызмет заманауи талаптарға сай жабдықталған. Және мұнда пациенттер үшін барлық жағдай жасалған. Орталық мемлекеттік тегін медициналық көмектің кепілді көлемі бойынша қызмет көрсетеді. Осының өзі мемлекеттің ана мен балаға арналған үлкен қайырымды ісі. Еміне шипа тауып, өз қатарластарына қосылған қаншама балғындардың алғысы сол жақсы істің қайтарымы емес пе?
Әлі есімде, Қызылжардан орталыққа барып, ем-дом алған ана мен балалар арасында апасы алып келген Айғаным Қазиева деген кішкентай бүлдіршін болды. Қазақ деген ырымшыл халықпыз ғой, сырқатына қарамай, аяғын апыл-тапыл басуға талпынған Айғанымның тұсауын апасы орталықтың білікті маманына кескізген болатын. Содан көп ұзамай бала аяғын басып кеткенін көріп, бәріміз қуандық. Бұл, әрине, бірінші Алланың әмірі, одан кейін күн сайын дамып келе жатқан медицинаның арқасы. Аналарға осындай ұмытылмас сәттер сыйлап, сырқат балаларды өз қатарына қосу жолында атқарылып жатқан шаралардың барлығы – Елбасының сындарлы саясаты. Осындай кезде қоғамның қамқорлығын, жақсы адамдардың қолдауын сезініп, бір марқайып қаласың.
Елбасының бастамасымен іске асқан осындай игі шараларды санай берсең, сан жетпейді. Жақында ғана “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының аудандық, облыстық кезеңдері ұйымдастырылып, қаншама өнегелі отбасыларды көруге мүмкіндік алдық. Бұл да бір мерей. Президентіміздің тікелей қолдауымен жүзеге асқан осындай іс-шаралардың барлығының мақсаты бір. Ол – ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, дені сау ұрпақ тәрбиелеу.
Дамира САПАРҒАЛИҚЫЗЫ,
көпбалалы ана.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Петропавл қаласы.