«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘБИЛЕРІН АНАСЫЗ ҚАЛДЫРДЫ

Үстіміздегі жылдың басында Есіл ауданындағы Явленка ауылында орын алған қылмыстық оқиға елдің жағасын ұстатқан еді. Екі баланың анасы, 29 жастағы әйел күйеуінің қолынан қаза тапқан. Жуырда әйелін балаларының көз алдында жауыздықпен ұрып өлтірген Ф.есімді азаматқа қатысты сот үкімі шықты.

М.Қозыбаев атындағы Солтүс­тік Қазақстан университетінің дене шынықтыру факультетін тамамдаған ол балуандығымен көзге түсіп, талай жарыстың жеңімпазы болған. Алайда, соңғы жылдары күшін бозкілемде белдесіп емес, әйеліне әлімжеттік жасап сынаған, бірнеше мәрте қол көтеріп, басын жарған. “Миы шайқалған” деген диагнозбен ауруханаға түскен марқұм күйеуінен қорыққаннан “өзім құладым” деп өтірік айтқан. Бұл жанжалдың бәрі ауыр дертке шалдыққан тұңғыш ұлын емдетемін деп алып-ұшып жүрген қызына қолғабыс етуге елордадан көшіп келген анасының көз алдында өрбіген. Соңғы төрт жылдың ішінде марқұмның анасы ерлі-зайыптылардың арасында орын алған жанжалға талай рет куә болған. Анасының айтуынша, оқиға орын алған күні қызы жеке кәсібін ашпақ ниетпен электронды цифрлық қолтаңба алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Ал қалаға кеткен күйеу баласы келесі күні ғана қайтып келуі тиіс болатын. Таяқтан көз ашпаған марқұм жұбайы жоқ кезде құрбыларымен кездеспекші болады. Кешке қарай балаларын анасына қалдырып, 15 жасар жиенін ертіп құрбыларына кеткен. Мұны біліп қойған күйеуі таңғы алтылар шамасында үйіне келіп, әйелін таяқтың астына алады. Араша түспек болған қайын енесіне де жұдырық жұмсайды. Жан түршігерлік оқиғадан қорыққан 15 жастағы жиені көрпенің астына тығылып, “Жедел жәрдем” мен тәртіп сақшыларына хабарласады.
Бұл уақытта аяусыз соққыдан жан тапсырған марқұмды есінен танып қалды деп ойлаған ол суық сумен жуындырып, жансыз денесін далаға да алып шыққан. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері әйелдің көз жұмғанын анықтаған. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне алып келген әрекетке барғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Айыпталушы кінәсін мойындап, прокурормен процессуалдық келісім жасаған. Келісімде көрсетілген барлық талаптарды орындағандықтан, жаза қылмыстық бапта қарастырылған мерзімнің жартысынан аспауы тиіс болатын. Осы жайттардың барлығы ескеріліп, сот айыпталушыны алты жылға бас бостандығынан айыру жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ, марқұмның анасына моральдық шығын ретінде 3 млн. теңге төлеуге міндеттелді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Сурет https://www.inform.kz/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp