Қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің Алматыдағы әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің директоры, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Әділғазы Қайырбековтің “Тұлғалар тағылымы: Сәбит пен Ғабит” атты кітабы жуырда Алматыдағы “Айғаным” баспасынан мемлекеттік тапсырыс арқылы жарық көрді. Ұзақ жылдардан бері әдебиетіміздің қос алыбының мұражай-үйлерінің бас шырақшысы болып отырған Әділғазы бұл кітабына эсселер, мақалалар, сыр-сұхбаттар, ой-толғамдар, ғылыми баяндамалар, зерттеулерін топтастырыпты. Кітаптың аты айтып тұрғандай-ақ, негізгі тін, басты өзек – қос академик-жазушының өмірі, шығармашылығы, әдеби байланыстары, зиялы қауым арасындағы беделі, мұражайларындағы рухани құндылықтары, соңдарында қалдырған әдеби мұраларының зерттелуі, насихатталуы, оқырмандарының талап-талғамдары. Ең бастысы – автор қай тақырыпқа барса да, академик-жазушылардың шығармашылық жолдарындағы жетістіктерін олардың өскен ортасымен, жиі қарым-қатынаста болған тұлғалардың ықпал-әсерімен, әдеби дамудың кезеңдерімен тығыз бірлікте алып қарайды. Қос жазушы да Қызылжар өңірінің тумалары болғандықтан, олардың туып-өскен жеріне, еліне қатысты да көп деректер бар. Сәбит Мұқановтың Шәкәріммен, Александр Затаевичпен, Алексей Толстоймен, Михаил Шолоховпен, Кенен Әзірбаевпен, Сәкен Сейфуллинмен, Ғабит Мүсіреповпен, Мәлік Ғабдуллинмен, Темірхан Дыбысовпен және басқа да тұлғалармен үлкен өмір жолындағы үзеңгілес қарым-қатынастары, кейінгіге өшпестей із қалдырған хат алмасулары, сырлас, сыйлас қалыптағы құрмет-ізеттері немесе Ғабит Мүсіреповтің шығармаларының зерттелуі, хаттарының қоғамдық-әлеуметтік жүк арқалағандығы, мұражайындағы құнды жәдігерліктер сыры, өміріне қатысты тың деректер, әдеби мұраларының өзгешеліктері жөнінде мол мағлұмат бар. Кітаптағы эсселердің, зерттеу мақалалардың, сыр-сұхбаттардың дені мерзімдік баспасөзде жарияланған, оқырмандардың бағасын алған. Ғылыми конференцияларда жасаған баяндамалары да әртүрлі жинақтарға енген. Кітап Әділғазы Қайырбековтің әдебиетіміздің қос алыбының мұражай-кешенін ұзақ жылдар бойы басқара жүріп жазған ізденісті еңбегінің, тиянақты жұмысының жемісі, жинақталған нәтижесі болып табылады.
Рашида ОТАРОВА.
Алматы қаласы.