Облыстық балалар ауруханасында жаңартылған балалар шұғыл хирургиясы бөлімшесі ашылды. “Сәби” қайырымдылық қорының қолдауымен 335 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, ота жасайтын заманауи қондырғылар сатып алынды. Соңғы үлгіде жабдықталған жаңа бөлімшенің ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен “Сәби” қорының президенті Әсел Тасмағамбетова қатысты.
Балалар ауруханасының ғимараты 1980 жылы салынған. Бұл облыстағы балаларға арналған жалғыз емдеу мекемесі болғандықтан мемлекет тарапынан қолдау зор. Соңғы екі жыл ішінде медициналық жабдықтар алуға 690 миллион теңге бағытталыпты. Ауруханаға рентген аппараты, эндоскопия және ЛОР хирургиясына арналған екі бейне стенд сатып алынбақшы. 134 миллион теңгеге жансақтау бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Заманауи емхана 200 орынға шақталған. Мұнда балаларға қолайлы жағдайлар жасалған, операциялық блок заманауи қондырғылармен жабдықталған.
Бұған дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген хирургия бөлімшесін жаңартуды ашылғанына биыл 20 жыл болған “Сәби” қайырымдылық қоры мойнына алды. Жалпы бұл қор еліміз бойынша төрт бірдей балалар медициналық бөлімшесінің жөндеу жұмыстарын қаржыландырған. Оған 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған.
– Қор хирургиялық бөлімшелердің құрылысына демеушілік жасап қана қоймай, осы ауруханаларда жұмыс істейтін дәрігерлер үшін әлемдік жетекші хирургтерді шақырып, біліктілікті арттыру курстары мен шеберлік сабақтарын ұйымдастырамыз. Қалалар мен ондағы емдеу мекемелері кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл ұйымдар сол өңірде он мыңдаған кішкентай пациенттерге қызмет көрсететін жалғыз мамандандырылған медициналық мекемелер болып табылады. Соңғы жылдары балаларға арналған шұғыл хирургия жобасына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Осы мақсатпен қор Алматы, Семей, Ақтау қалаларында да хирургия бөлімдерін жөндеді, – деді “Сәби” қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова.
Жыл сайын мұнда 3 мыңға жуық ота жасалмақ. Ота жасайтын және қабылдау бөлмелері түгелдей жаңартылып, ең қажетті заманауи қондырғылар орнатылды. Бөлмедегі ауа ағыны, температурасы, ылғалдылық өздігінен реттеледі және түрлі инфекцияны жоя алатын қондырғы да қойылды. Бұл бөлімше Петропавл қаласы мен облыстың 130 мың кішкентай тұрғынына қызмет көрсететін болады.
– Бұған дейін де түрлі оталар жасап келдік. Жаңа қондырғылар жұмысымызды жеңілдете түспек. Шетелдік клиникалардағыдай жасанды оттегі беріліп, желдету жүйесі қойылды. Бұл – түрлі инфекцияның, отадан кейінгі асқынулардың алдын алуға септігін тигізеді, – деді травматолог-ортопед дәрігер Асылхан Жағыпаров.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды балаларды қолдау жылы деп жариялағаны белгілі. Сондықтан бүгінде кішкентайларға білім алуға, спортпен шұғылдануға, соның ішінде сапалы ем-дом қабылдауға барлық жағдайлар жасалуда. Өңір басшысы облыс медицинасында алға басушылық бар екенін айтты.
– Қалада заманауи көпбейінді аурухана салынып жатыр. Бірнеше емхананың құрылысы басталды. Бүгінде балалар ауруханасына жаңа қондырғылар сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Екі аптадан соң компьютерлік томограф іске қосылады. Қазір қондырғыны орнатудамыз. Жөндеу жұмыстарына да қаражат бөлінді. Биыл емдеу мекемесінде 134 млн. теңгеге қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргіземіз, – деді Құмар Іргебайұлы.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.