Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы “Құлагер” ипподромында ат жарысы маусымының жабылуына арналған бәйге өтті. Оған облысымыздың барлық аудандарынан 60 спортшы қатысты.
Салтанатты шара барысында өңіріміздегі ат спорты түрлері федерациясының президенті, аудан әкімі Жанат Сәдуақасов облысымыздағы спорт түрінің дамуы және жетістіктері туралы қысқаша айтып берді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналиннің айтуынша, өңірімізде ұлттық спорт түрлерін, соның ішінде ат спортын дамыту бағытында біраз істер атқарылуда. Жерлестеріміздің қол жеткізген жетістіктері – соның бірден-бір дәлелі.
– Бүгіндері облысымызда өрендерімізді төл спортымызға машықтандыратын екі мектеп жұмыс істейді. Сонымен қатар тағы екі кәсіби клуб та бар. “Тұлпар” ат спорты клубының арқасында жергілікті спортшылар республикалық және халықаралық сайыстарда өнер көрсетуге мол мүмкіндік алды. Үстіміздегі жылы қазақ күресінен “Қызылжар арландары” спорт клубы ашылды, – деген Руслан Бақыттыұлы шабандоздарға сәттілік пен жеңіс тіледі.
Доданың қорытындысына келетін болсақ, 2400 метр қашықтықты қамтыған бәйгеде Қызылжар ауданынан “Геркулес” атты торы айғырды тізгіндеген Дмитрий Волков қарсыластарын шаң қаптырып, жеңімпаз атанды. 7000 метр қашықтықтағы жорға жарысы кезінде Мағжан Жұмабаев ауданынан Евгений Чибисовтың “Паны” алтын медальға ие болды. 1600 метр қашықтықта өткен екі жастағы желіс аттары бәйгесінің нәтижесінде де “Прайсты” тізгіндеген Евгений Чибисовтың мерейі үстем болды.
21 шақырымды қамтыған аламан бәйгеде алдыңғы орын Даниял Ризаев тізгіндеген “Василек” атты сәйгүлікке берілді. Арыстанбек Махатовтың “Құлагері” екінші орынды олжаласа, Алдияр Құттыбаевтың “Буяны” мәреге үшінші келді.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.