Тайынша ауданында Аймақ деп аталатын шағын ауыл бар. Көкшетау – Омбы тас жолының бойында орналасқан елді мекенде алты жүзге жуық адам тұрып жатыр. Бұл ауылдың іргетасының қалануына, ондағы білім ошағының салынуына қазақтың біртуар ақыны Сәкен Сейфуллин үлес қосқанын біз мақтан етеміз.
Кез келген ауылдың өз тарихы бар. Солардың көбі жазылған, ал кейбірі қағаз бетіне түспей қалып та жатады. Бірақ қандай жағдай болмасын халық өткенін ұмытпауы қажет. Біздің ауыл туралы Тыныштық Шәменов “Сәкен Сейфуллин ашқан Аймақ ауылы” деген кітап жазды.
“Аймағым, менің Аймағым,
Жап-жасыл орман жан-жағың.
Жаныңнан сенің өткенде,
Оралар ойға жас шағым”, – деген автордың өлеңімен басталатын жинақ ішінде ауылдың өткені, оның келместің кемесіне мініп кеткен азаматтары жайлы көптеген деректер топтастырылған. Мен бұл мақаламда негізінен елді мекеннің алтын қазығы – мектебі туралы сөз қозғамақпын.
1927 жылы Октябрь ұжымшары (бертінге дейін ауыл осылай аталып келді) құрылды. Оны құруға сол кездегі Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәкен Сейфуллин арнайы келеді. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішев “Ескірмейді естелік” атты кітабында жазған. Ақынның жары Гүлбаһрам Батырбекқызы сол сәтті былай деп еске алған екен: “… 1927 жылы жер және шабындық бөлісі болған кезде Сәкен қазіргі Көкшетау облысы, Чкалов ауданы, Абай совхозы орнаған жерде үкімет тапсырысын орындап, оған “Жаңа Аймақ” деп ат қойып, үлкен мектеп үйін салғызып еді. Жаңа аймаққа атақты Үкілі Ыбырай келіп, бірнеше күн аунап-қунап бізбен бірге жатқаны әлі есімде. Қолы жұмыстан босай қалғанда Сәкен өзінің атақты “Құлагер” поэмасының соңғы тарауларын сонда жазып, Қызылордадан Ташкент кетейік деп жатқанда редакциясын маған көрсеткені, оны баспаға беріп кеткені әлі күнге дейін көз алдымда…”, – депті.
Сәкен Сейфуллин жаз бойы өзі ашқан Аймақта жатып, қыруар жұмыс атқарған. Мектеп қана емес, оның жанына интернат та салдырған екен. Сол интернатта жақын маңдағы ауылдардан келген балалар жатып оқыған. Интернатқа сыймағандары ауыл тұрғындарының үйлерінде тұрып білім алыпты. Маңайдағы ауылдардың тұрғындары бұл оқу ордасын “Аймақтың көк мектебі” деп атап кеткен.
“Алты қанат ақ үй тіккізіп, қызметіне кіріспестен бұрын маңайдағы елдің бетке ұстар азаматтарын жинаған. Соның ішінде Ортақ елінің сол кездегі басқармасы Мұқан, Жаңатілек елінен Ысқақұлы Абдрахман, Қарағаш елінің тумасы, ақын, сол кездегі “Бостандық туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетінің журналисі Жақан Сыздықов та болған екен”, – деген ұзақ жыл ауылды басқарған Сәбит Мұқановтың естелігі “Сәкен Сейфуллин ашқан Аймақ ауылы” атты кітапта келтірілген.
Сәкеннің тапсыруымен мектептен бөлек артель ашылып, оған Қосшығұл есімді азамат басшылыққа тағайындалады. Іргелес жатқан ауылдардың өнерпаздары жиналып, кешкілік уақытта ойын-сауық құрып, жұрттың көңілін көтереді. Келіп-кетіп жатқан азаматтар сойысқа мал, саба-саба қымыз әкеледі екен. Сәкеннің жары мектеп салынарда әкеліп жатқан қымыздардың ішінен Сәдуақасқызы Үмітжанның қымызын ұнатады. Бұл жайлы Үмітжанның жиені Тұрсын Тәшкенқызы: “Алты қанат ақ боз үй біздің үйіміз болған соң Гүлбаһраммен жиі араласып тұрдым. Сол жаз айы айт күні бірге болып, мейрамдап, Гүлбаһрам ауылдың адамдарына айттық үлестірді. Сәкендерді мектеп біткен соң ел болып шығарып салдық”, – деген анасының сөзін келтіреді.
Осы мектептің түлегі Құсни Әутенқызы соғыстан кейінгі жағдайды былай есіне алады: “Мен 1951-1954 оқу жылдары Октябрь жетіжылдық мектебінде оқыдым. Соғыстан кейінгі жылдары суық интернат, тамақ жоқ, киім де жоқ, өте бір тар заманда өсіп ержеттік. Шамның әлсіз жарығымен сабақ қарайтынбыз. Пешке жағатын талды мектепке оқушылар әкеледі. Осы интернатта бүкіл Чкалов ауылының балалары оқитын, Аймақ жетіжылдығынан басқа мектеп жоқ болатын”.
Өкінішке қарай, Сәкен салған ағаш мектептің ғимараты кейін өртеніп кеткен. Бұл туралы да ақынның жары “Осы алпысыншы жылдардың бас кезінде сол мектеп өртеніп кетті деп естідім”, – деп жазған екен.
Үлкендердің айтуынша, мектеп отқа оранып, оның орнына қазіргі ғимарат 1961 салынған екен. Білім ошағы содан бері де 59 жылдай адал қызмет етіп келеді. Атауы да бірнеше рет өзгерді. Заман ағымына сай әр жылдары “Аймақ сегіз жылдық мектебі”, “Октябрь негізгі мектебі”, “Аймақ орталау мектебі” атанды. Қазіргі таңда “Аймақ негізгі мектебі” деген атауға ие. Жиырмадан астам ұстаз 94 оқушыны білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге даярлауда. Ғимарат бір қабат, бөлмелері аз болғандықтан балалар екі ауысымда оқиды.
Өкінішке қарай, сол Сәкен салдырған мектептің жетістіктерімен қатар, аздаған кемшіліктері де бар. Мысалы, білім ошағына орталықтандырылған су кіргізілмеген, жылу жүйесі де қаусап тұр. Аймақ ауылының тұрғындары өзге елді мекендер сияқты қалаға қарай үдере көшіп жатқан жоқ. Бала саны жеткілікті, сондықтан болашағы бар, тарихы бай Аймақтың мектебін жөндеуге қолдау қарастырылса деген тілегіміз бар.
Жарғанат ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ,
Аймақ негізгі мектебінің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі.
Тайынша ауданы.