Майданнан келген хат
Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласына Есіл ауданының Қарағаш ауылынан екі жүзден астам азамат аттанды. Солардың бірі – Сапар қарттың жалғыз ұлы Мәкен туралы сөз қозғамақпын.
1942 жылдың мамыры. Сұрапыл соғыс елге ауыртпалығын артып, біреудің көзінің ағы мен қарасындай жалғызын жалмаса, енді бірінің еркек кіндіктілерін түгел алып, қайғы-қасірет шеңгелін салып тұрған кез болатын. Ауыл тұрғындары хат тасушы Шабдар Тойшабекұлының келуін асыға күтеді. Егер пошташы ауыл кеңсесіне бұрылса тұрғындар: “Иә, жасаған жаманаттан сақтай гөр, майдандағы жауынгерлерге саулық бергей”, – деп өзді-өзі сөйлесіп, дүрлігіп қалатын. Соғысқа аттанған жалғыз ұлы Мәкеннен хат-хабар күтетіндердің бірі ауылымыздағы құрметті ақсақал Сапар аға болатын. Мектептен келіп, үйдің шаруасымен есік алдына шыққаным сол еді, көрші тұратын қарт:
– Қарағым, бері кел, – деп мені шақырды да, қасына отыруымды сұрады. Бұл кісінің домбырашы, әрі әнші екенін білемін. Кешкілікте ауыл ақсақалдарын жинап алып, көңіл көтерген кездерін де көзіммен көргенмін. Қараймын қасында домбырасы жоқ, қалтасын сипай береді, саусақтары дір-дір етеді. Бір кезде үшбұрыш хатты алып: “Оқы, мынаны, Мәкен ағаңнан келіпті!” – деді. Хатты басынан бастап оқи жөнелдім. “Аға, (әкесін осылай атайтын) бауырым, Айша! Амансыздар ма? Хаттарыңды алып, ел көшіп келгендей қуанып қалдым. Ал өздеріңіз қайғылыға жақ болып, қайғысыздан сақ болып жүріп жатқан боларсыздар? Ағайын, ел-жұрт, көрші замандас, құрбы-құрдастарымның амандық хабарларын естідім. Баршасына дұғай-дұғай сәлем. Аға, кеше марқұм анам түсіме енді, маған қамшы мен ине беріп жатыр екен. Дәм жазса, елге де барармын.
Аға, қаршадайымыздан анамыздан айырылып, оның жан жылуына бөлене алмаған Айша екеумізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсірген еңбегіңізді қайтарар күн туар ма екен?! Сіздің маңдайымнан иіскеген, домбыра шерткізіп, өлең айтқызып шаттанған күндеріңізді сағындым. Ақылды қарындасым Айшаны ойлағанда іш бауырым елжірейді. Осы хатты окопта отырып жаздым. Жігіттердің бәрі де “сен тұр мен атайын”, жаудан қаймығу дегенді білмейді. Өткен күні жаудың екі танкісін өртеген ақмолалық Қайыр деген жігіт полк алғысына бөленіп еді, ал бүгін таң алдында оқтың құрбаны болды. Ол да біреудің жалғызы еді. Шіркін, өмір қандай қысқа, қандай өкінішті… Менің мына өлім туралы жазғанымнан қорықпаңыздар. Қазақта: “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” деген мақалды жүрегіме терең бойлатып, Алладан медет сұрап жүрген жайым бар. Ал көріскенше күн жақсы. Дәм елден жазып, құшақтасар күн болсын!
Жазушы мен Мәкен Сапарұлы. 1942 жыл”.
Хатты оқып, қартты қуантып енді тұра бергенімде Айша: “Сүйінші әке, Мәкен ағадан тағы хат келді!” – деп, қолындағы үшбұрыш қағазды қарияға ұсынды. Хатты қолына алып, көзіне келген жасты іркіп қалған Сапар ақсақал “Қарағым рақмет, үйімізге қуаныш ала келдің ғой, оқып берші”, – деді.
Бұл жолы хат өлеңмен жазылыпты, мен оны да асықпай оқып бердім.
Өткенге көз жіберсем, бұл оқиғаның болғанына да қаншама уақыт өтіпті-ау! Талай жас майданнан оралмады. Соғыстың салдарынан қаншама отбасының шаңырағы шайқалды, елге оралғандардың көбі аяқ-қолдарынан айырылып, еңбекке жарамсыз болып қалды. Денсаулықтары нашарлап, жасына жетпей бақилық болғандары қаншама? Ал Мәкен аға соғыс аяқталғаннан кейін араға уақыт салып, 1952 жылы туған елге оралған еді.
– Адамның басы Алланың добы ғой. Қайда бағыттаса, сонда барасың, – деген ол бірде басынан өткенін айтып берген еді.
Мәкен Сапарұлы Ленинград қаласын жаудан қорғау кезінде ауыр жараланып, фашистердің қолына түседі. Содан Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, ақыры АҚШ-тан бірақ шығады. Соғыс аяқталғаннан кейін қайта оралады. Туған елге жақындағанымен, арнайы қызметтердің өкілдерінен көрмеген азабы қалмапты.
– Мен көзіме жас алатын болдым, кейде көрген азабым жанымды қинайды, – деп төмен қарайтын.
– Неге жасисыз, аға? – дегенімде, “Себебі бар ғой, қарағым. Фашист салған оқ жарасы аздай, сынбаған қабырғамды өзіміздің “үндеместер” сындырды ғой, одан басқа айтарым жоқ”, – деп күрсінетін. Біз бұдан кейін сұрақ қоюды доғаратынбыз.
Бірде Мәкен аға:
– Қарақтарым, мен соғысқа дейін өзіміздің ауылдағы он жылдық мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне үнемі қатысып жүрдім. Мұхтар Әуезовтің “Еңлік-Кебек” пьесасындағы Кебек, Ғабит Мүсіреповтің “Қыз Жібек” пьесасындағы Шеге бейнесін сомдаған едім. Бір той бола қалса жиналған қауым маған Балуан Шолақтың “Ғалиясын” айтқызатын. Мен бұл әнді асқан сүйіспеншілікпен орындайтын едім. Сол кезде бір қызды қатты сүйдім. “Ғалияны” айтқанда ғашығыма арнағандай бір рақатқа бататын едім, – деп өзін-өзі жұбатқандай терең күрсінетін.
Баршаға аян, соғыстан кейін еңкейген кәрі, соғыстан жаралы келген азаматтар, әйелдер мен балалар бір кісідей шаруашылықты көтеруге атсалысты. Жұмыстан қанша шаршап келсе де, көпшілік мектеп қабырғасында өтетін кештерге жиналатын. 1952 жылдың желтоқсанында ұйымдастырылған осындай бір кеш есімде қалыпты. Ауыл жастары Ғабит Мүсіреповтің “Қыз Жібек” пьесасын сахнаға шығардық. Ауылдың еңкейген кәрісі мен еңбектеген баласына дейін жиналды. Осы сахналық қойылымда жасының ұлғайғанына қарамай, Мәкен аға Шегенің, мен Төлегеннің, ал Қарымсақ Ғалиұлы Бекежанның рөлін сомдаған болатынбыз.
Ойын-сауықтың көркі бола білген Мәкен Сапарұлы өмірінің соңына дейін халық арасында сыйлы болды. 1991 жылғы наурыз айында сұм ажал құрығын салып, өмірмен мәңгі қоштасты. Аса қадірлі ақсақалдың артында ұл-қыздары қалды.
Рахмет ЖҰСЫПОВ,
ардагер ұстаз.