Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың “Ақиқат пен аңыз” романында соғыс кезінде жауынгерлердің үйіне хатты көбіне өлеңмен жазғаны туралы айтылған. Иә, көп жағдайда қан қасаптың ортасында жүрген жауынгерлер туған жерлеріне, бауырларына, балалары мен жарларына деген сағынышқа толы сезімдерін жырмен жеткізген. Мұны Ұлы Отан соғысы туралы жазған өзге де қаламгерлердің еңбектерінен, майдангерлердің мұражайларда, туыстарында сақталған үшбу хаттарынан аңғаруға болады. Жұбайлары мен туған бауырларын сағынған қыз-келіншектер жақындарының жазған хаттарын жандарына медеу қылып, өлеңге айналдырған жағдайлар да кездеседі. Қазақтың табиғатына тән ұяңдықтың әсері болар, кей кезде өз қолымен жазған хатты біреудікіне теліп, авторы белгісіз күйде қалған жырлар қаншама? Бала кезімізде үлкен кісілердің аузынан мұндай әңгімелердің талайын естідік емес пе? Сағыныш пен мұң тұнған әндердің сөзі есімде қалмапты. Санамда тек, әжелеріміздің ұршық иіріп отырғанда ыңылдап айтып отырған әуені ғана сақталыпты. Ал, мына өлеңді өлкетанушы Дәстен Баймұқанов Шал ақын ауданына қарасты Бірлік ауылында тұрған Маржама есімді қарияның өз аузынан жазып алған екен. Мереке қарсаңында оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Өлеңнің алғашқы шумағындағы “Сарықамыс – туған жерім” дегеніне қарағанда авторы сол ауылдың тумасы болуы керек. Өйткені, ауылдың алқаға құлайтын тұсында, елді мекеннен ағып шыққан барлық бұлақтардың түйісетін жері осы қамыс болғандықтан, әрі қысы-жазы түсін бермей сап-сары болып жататындықтан Сарықамыс деп атайды. Бұл қоныстың тарихи атауы да осы. Бәлкім, авторын біреу білер, білмесе, сол кездегі көп сарбаздың бәріне ортақ болған сағыныш хаты ретінде қала бермек.
Мекенім қарағайдың ортасында,
Өлімнен жаралған соң қорқасың ба?
Сарықамыс – туған жерім, кең жайлауым,
Қалдың ғой сағыныштың жартасында.
Маңайым талай ұлттың ұландары,
Қаймықпас қас жауынан қыран бәрі.
Көрдік қой талайлардың алға шығып,
Коммунист боламын деп сұранғанын.
Бас қосып, қалың жауға аттанамыз,
Жау жүрек жауынгерлер сапта нағыз.
Сартылдап, зеңбіректер сөйлегенде,
Құдай деп, қорқуға да шақ қаламыз.
Сәлемім елге жетсін үшбу хатпен,
Сөзімді саралайын иждихатпен.
Майданның бетін түзеп алғаннан соң,
Аман-сау оралайық салтанатпен.
Сағындым атам-әжем ауылдағы,
Ағалар сөз сөйлейтін қауымдағы.
Соғыстың арты қалай, күмәні көп,
Кегімді алмай кетпен жауымдағы.
Қалайша жағдайымды жамандайын,
Артын күтіп, болмыстың амалдайын.
Көргенше қош-есен бол, көз көргендер,
Осымен үшбу хатты тамамдайын.
Дайындаған
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.