«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СӘТТІҢ” САПАРЫ

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының қолдауымен Жеңістің 70 жылдығына орай қолға алынған “Ардагерлерді ардақтайық” және “Кедергісіз келешек” партиялық жобалары аясында гастрольдық сапарға шыққан “Сәт” тобы өңірімізге ат басын тіреп, жерлестерімізге өз өнерлерін ұсынды. Бұл топтың мүшелері зағип жандар екенін өнерсүйер қауым жақсы біледі.

Кеш шымылдығы “Қазақ елі” әнімен ашылды. Тұсауы біздің өңірде кесілген бұл ән қызылжарлықтардың көңілінен шықты десек қателеспейміз. Өмірлерінде сәл қиындық кездессе, тығырыққа тірелетін жандарды шыдамдылыққа шақыратын “Өмірге ғашықпын” әнін де жиналғандар сүттей ұйып тыңдады. Жұртшылық топтың орындауындағы Елбасымызға арналған “Нұр аға” әні мен “Қайран заман” термесіне де ұзақ қол шапалақтады.  

Топ мүшесі Сапарбай көрермендерге сұрақтар қойып, жауабын бірінші болып тапқан адамға өздерінің дискілерін сыйға тартты.

“Сәттің” репертуары бай. “Бүгінде жүзден аса әніміз бар. Оның ішінде авторлық әндер де жетерлік”, – дейді олардың өздері. Сөзін де, әнін де топ мүшесi Азат Әбiл­даев жазған “Қош, махаббат”-қа бейнеклип түсіріліпті. Концертте жастардың сұ­ранысына орай, “Сезім”, “Биле-биле”, “Сағынам” деген рэп стилiндегі әндер де шырқалды.

Ерекше тағдыр, бөлекше дауыстарымен елдiң көңiлiнен шығып жүрген “Сәт” тобының жiгiттерi Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық конкурсқа қатысып, бірінші орынды иеленген болатын. Олар сол концертте танымал әнші Диана Гурцкаямен қосыла ән шырқаған. Сол сияқты “Сәт” тобы – республикалық “Жұлдызай” байқауының жүлдегері. Тағдырға мойымай өнер қуған жігіттердің бұдан да басқа ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері бар.

Концертті тамашалауға келген қонақтардың сұрауымен кеш “Сәттi” сәттiлiкке жетелеген, көпшiлiкке кеңiнен танымал “Көнемiз ғой, қайтемiз, көнбегенде?” деген әнімен аяқталды.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp