«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘТ САПАР, “ГҮЛДЕР”!

Атақты “Гүлдер” ансамблі Новоишим ауылына келіп, аудандық Мәдениет үйінде концерт берді.

Тарихы тереңде жатқан “Гүлдер” ансамблін білмейтіндер жоқ шығар. Ансамбль халқымыздың талай бұлбұлдары мен дүлдүлдерін түлетті. Рамазан Елебаев, Қайрат Байбосынов, Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева сынды сахна шеберлерінің есімдерін атасақ та жеткілікті.

Биыл “Гүлдер ансамблінің құрылғанына – 45 жыл. Мерейтойларын тыңның 60 жылдығымен” астастырған ұжымның “Гүлдер” шақырады” атты концерті көптің көңілінен шықты. Әсіресе, сан ұлттың биін мың бұрала билеген биші қыздардың шеберлігіне көрермендер тәнті болды. Сондай-ақ, көптеген жас әншілер мен бишілерден құралған ансамбль Мәдениет үйінің сахнасын әдемі әуенге бөледі. Айбек Мұхаметалиев, Бахтияр Аханов, Әйгерім Битанова мен “Сұңқар” тобының сері жігіттері салған әндерімен көрермен қауымды бір серпілтті. Концерттік бағдарламаның соңына қарай сахнаға шыққан ансамбльдің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақтияр Тайлақбаев: “Концертіміз халыққа қолжетімді болып, елді рухани байыта түсу үшін сапарларға жиі шығып тұрамыз. Қостанай өңірінде 26 концерт беріп, сіздердің жерлеріңізге келдік. Енді Көкшетауға бармақпыз”, – деп көрермендерге ыстық ықыласын жеткізді.

“Гүлдер” ансамблінің сапарына тұрғындар атынан аудан әкімінің орынбасары Алтыншаш Тайшабаева алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Сағыныш ӘДІЛХАНОВА.

 Ғ.Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp