«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘУЛЕСІ МӘҢГІ ӨШПЕС ЖҰЛДЫЗ

Дүние есігін табиғатынан, Тәңірдің қалауымен мәңгілік дарын болып ашқан біртуар тұлғалар қаншама замандар өтсе де, өзі ғұмыр сүрген кезеңінен кейін – келешекте де адамзат жадынан өшпейтін ұлы қасиетке ие болады. Осылайша мұндай алып, заңғар тұлғалар әр заманның белесінде биіктен орын алып, адамдар қауымдастығының жаңа буынының ақылы, ойы мен парасатына сай құрметке бөленеді. “Абай – мәңгілік!” деген тағылым тегін айтылмаса, біз және бізден кейінгі ұрпақтар да Мағжанды нақ осылайша ардақ тұтары анық.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” атты кітабында “Құрманғазының ғажайып күйлері, Мағжанның мөпмөлдір асыл лирикасы, Мұхтардың эпикалық көркем прозасы, Шоқанның барша әлемді таңғалдырған жаңалықтары, ұлы Абайдың философиялық толғаулары ынтаықылас қойған әрбір адамның ішкі жан дүниесін байыта түсері анық!” деп тебірене жазғандай, Мағжан да – мәңгілік.

Мағжанға дейін Қазақ елімен ағынан жарылып, жанын ақтарып, жүрегінің кіршіксіз, мөлдір сырын төгілтіп халқына сөз арнаған ақын Абай ғана. Абайдан соң – Мағжан. “Қазақ елім, бір ауыз сөзім саған!” деген ақын тебіренісінде қаншама зор мағына, халқына артқан сенімі бар десеңізші?!

Мағжанның жан сырын бар жүрегімен сезініп, жырының салмағы мен санасын бойына дарытқандар оның өз тұсында көп еместі, алайда болды да. Солардың ішінде ардақтысы – Жүсіпбек Аймауытов және Алаш зиялылары. Олар – Мағжан жырынан зияндылық іздемегендер. “Мағжан – күшті ақын. Күштілігі еліктеткенінен көрінеді. Осы күнгі өлеңшілердің көбі Мағжанның өлеңінің не сыртқы түріне, не ішкі мазмұнына еліктемей жаза алмайды. Кім өлең жазса, Мағжан сөзінен бірдемені алмай қоймайды. Алайын деп алмаса да, еріксіз, өзі байқамай алып қояды. Неге? Кестелі, ырғақты, күшті даяр сөз, даяр түр ауызға түсе кетеді”, – деп жазды Жүсіпбек Аймауытов Мағжан жайындағы әйгілі зерттеуінде.

Ал ұлы Мұхтар Әуезов: “Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін!” – деген жүрекжарды лебізін өз тұсында айтса да, болашаққа арнап кеткендей емес пе?!

Осы лебіздердің арқауы үзілмегенінің, сөзі “артқы күнге анық қалуға жараған ақынды” біздің қазіргі уақытта қастерлеуіміздің кемел көрінісі – “Мағжан көктемі” фестивалі. Еліміздің ақындары мен өнер жұлдыздарының торқалы басқосуы биыл үшінші мәрте өткізілгелі отыр. Фестивальдың ту тіккен ордасы – Қызылжар.

Бүгін жырсүйер, өнерсүйер жұртшылық солтүстіктің сұлу өңірінде, ақ қайыңды ормандар тамыр тартқан топырақта туған қазақ жырының пайғамбарын жырмен, әнмен ардақтап, Алтайдан Атырауға, Іледен Есілге дейін кеңінен көсілген байтағымыздың түкпіртүкпірінен Қызылжарға ат басын тіреген ақындар мен әншілердің толғанысына куә болады.

Бұған дейінгі екі фестиваль тарихымыздың еншісіне айналды. Үшінші жыр мен ән сайысы төрімізге озбақ.

Тәуелсіздігіміздің ең ардақты жетістіктері мен жеңістерінің бірі Алаштың Мағжан сынды аяулысына бауырымызды жайып, құшағымызға басуымыз емес пе?!

Кеңестік қасаң идеологияның үйірген қамшысы мен сілтеген сойылының зардабынан зиялыларымыздан жаңылған, асылдарымыздан адасқан күндер адыра қалды. Мағжантанудың таңы атты. Талантқа табыну – ерсі емес, ерлік. Біздің ақындарымыз Мағжанға деген сүйіспеншілігін ерлікке тән еркіндікпен жырлауды таңдады. Біздің ақындардың жас ұрпағы Мағжаннан “Менді” үйренді. Мағжанның мені – оның өшпес рухы емес деп кім айтар?!

Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,

Мен – Күн ұлы, көзімде

Күн нұры бар.

Мен келемін, мен келемін,

мен келем,

Күннен туған,

Гүннен туған пайғамбар!

Мағжанның келешек ұрпағына тапсырып кеткен аманаты осындай.

Мағжан мектебі – зор тағылым ғибраты. Мағжан қазақ поэзиясын “Бізден” әрі биік асуға өрлетіп, өзінің жан сөзімен жыршылардың болашақ ұрпағын “Мен!” деген өрлігімен баулығанын енді білеміз.

Мағжан махаббатты өзінше, Мағжанша ғана жырлады.

Абай:

“Құдайау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар.

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кеттіау құрғырлар”,– деп жырласа, Мағжан мұндай жырларды асқан нәзік сыршылдықпен, күйіпжанған сезім ләззатымен ұлы ұстазынан да асырып түсірді. Мағжан елжандылықты, ұлтжандылықты жырлауда әлемнің қандай ақынынан болсын асып түспесе, кем пәрменмен соқпайтын өлеңдерді жүрегінен бұлбұлдай ұшырды.

Көшпелі заманның көші жаңа ғасырға беттеген уақытта дүние есігін ашып, келесі жүзжылдықтың түндігі серпілген кезеңге сай келген ақын тың, соны мезгілдің әуенін шырқады. Бұл – осындай ұлы адамға ғана бұйыратын тым таңдаулы сипатты Тәңір алдымен Мағжанға тарту етті.

Бүгін Қызылжар төрінде жыр пәрменін таныту ниетімен поэзия пырағын ерттеп мінгендер Мағжанның мәңгілік екенін санамызға сіңіре түспек.

Алаштың ардақты ақынының туған күні – 25 маусым қазақ жырының асқақтаған күні болып, еліміздің тарихында жыл сайын қайталана беретіні даусыз.

* * *

Алдаспан ақынға арналған республикалық фестивальға қатысушылар кеше Мағжан Жұмабаевтың туған жері – Сарытомар ауылына барып қайтты. Олар ұлы ақынның мұражайын аралап, туған жеріндегі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Аталмыш мұражайда тұлғаның өмірінен сыр шертетін үш жүзден астам жәдігер қойылған. Өнерлі өрендерді ынталандырып, бүгінгі ұрпақ жадында жаңғыртуды көздеген фестиваль жазба ақындар мүшәйрасы, Мағжан шығармаларын мәнерлеп оқу және оның өлеңдеріне жазылған әндер сайысы бағыттары бойынша бүгін Петропавлда жалғасатын болады.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp