«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘУЛЕ БАРДА КЕУДЕДЕ…

Петропавл қаласындағы №44 орта мектепте көздерінде кемістігі бар балалар үшін коррекциялық 1-сынып ашылды. Олар жалпы білім беретін бағдарлама бойынша білім алуда.

Бүгінгі таңда денсаулығында түрлі ауытқулары бар балалардың білім алуына барлық жағдайды жасау – білім саласы қызметкерлерінің басты міндеті. №44 орта мектепте ашылған коррекциялық сыныптың да көздегені осы. Мұндай сыныптарда ең көбі он екі бала оқуға тиіс. Қазір сыныпта көздерінің әртүрлі деңгейдегі кемістігі бар сегіз бала оқи бастады.

Балалардың денсаулықтарына байланысты оларды оқытудың өзіндік ерекшеліктері бар. Оларға жалпы білім алумен қатар, қосымша коррекциялық бағыттағы бағдарламалар да енгізілген. Мәселен, көзі көрмейтін немесе нашар көретін, қылилық, тағы басқа да ауытқулары бар балалар үшін кеңістікті бағдарлау, қолдарының ұшымен сипай отырып сезу қабілеттерін дамыту, мимиканы реттеу бағдарламалары жүргізіледі. Сонымен қатар, әр баланың денсаулығына қарай денешынықтыру пәнінің орнына емдеу-сауықтыру жаттығулары өтеді. Жалпы білім беретін пәндерге де түзетулер енгізілген. Балалар 15 минут сабақ оқыса, одан кейін көздеріне жаттығу жасап, демалып отырулары қажет. 

Біздің мектептің аумағында тұратын бір оқушының көзі мүлде көрмейтін болғандықтан, коррекциялық сынып ашуға сұраныс түсті. “Көз қорқақ, қол батыр” дегендей, тәжірибеміз болмаса да, бел буып кірістік. Оларды біз оқытпасақ, кім оқытады?! – дейді психолог-тифлопедагог Анастасия Якушева.

Бұл – осы санаттағы балаларға арналған облыста ашылған алғашқы сынып. Әзірше мұғалімдерге де көптеген құрал-жабдықтарды қолдан жасауға тура келіп отыр. Екі мұғалім Екатеринбургке барып, кәсіби қайта даярлықтан өтіп келіпті.

Мектеп коррекциялық сыныпқа қажетті жабдықтарға тендер ұтып алған, енді олардың келуін күтіп отыр. Оқу процесінде қылилықты түзетуге арналған синоптофор қондырғысы да пайдаланылуда.

Біздің негізгі міндетіміз – балаларды оқыту, әлеуметтік бейімдеу. Бұл балалар 25 бала отырған сыныпта оқи алмайды, олардың әрқайсысымен дербес жұмыс жүргізу керек. Қазір сабақтың басталғанына аз уақыт өтсе де, балалар бір-біріне үйренісіп кетті. Бізге қиын болса да, осы сыныптың ашылғанына қуаныштымыз, өйткені көру кемістігі бар балаларды сау балалармен қосып оқыту қиын, – деген бастауыш сынып мұғалімі әрі тифлопедагог Әдемі Қаратаева бұл сыныпқа оқушылар облыстық медико-психолого-педагогикалық комиссиядан жіберілетінін айтты.

Шынында да, сыныпта отырған балалардың әрқайсысының денсаулықтарына байланысты қабілеттері де әртүрлі екен. Тіпті, бұл балалар үшін сергіту сәті де әр-түрлі өткізіледі, өйткені олардың арасында секіруге болмайтындары бар. Балалар суретті де қолдарымен сипап отырып біледі, сондықтан балғындардың саусақтарының сезімталдығын дамыту да қажет. Әзірге мұғалімдері әріптерді де бірнеше нұсқада өз қолдарымен жасауда. Қазіргі бар қиындықтарға қарамай, коррекциялық сыныптың мұғалімдері: “Балаларды басынан дұрыстап бейімдесек, олар жетістіктерге жетеді”, – деген сенімде.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp