Ауыл шаруашылығы саласында толағай табыстарға қол жеткізгеніңмен, халықтың алғысына ие болу оңай емес. Ол үшін ауылға қамқорлық жасау маңызды. Көпжылғы қажырлы еңбегімен сала үздіктерінің қатарынан табыла білген “Бабық-Бұрлық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Сейілбек Махметовты туған жер жанашырларының қатарына жатқызуға болады.
Айыртау ауданындағы Төменгі Бұрлық ауылының іргесі 1848 жылы қаланған. Бұрлық өзенінің жағалауында орын тепкен елді мекеннің абаттандырылған, таза, түзу көшелерінің бойындағы үйлер мен әлеуметтік нысандарына қарасаң көз тояды.
Сейілбек Ғазезұлының бұл елді мекенге табан тірегеніне ширек ғасырдай болыпты. Жергілікті шаруашылықтың тізгінін ұстаған білікті басшы ауылдағы егіншілік пен мал шаруашылығын заманға сай ұйымдастыра білді. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын мал дәрігері мамандығы бойынша тамамдаған ол – бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен маман.
Бүгінде агроқұрылым – аудандағы ірі астық өндіруші шаруашылықтың бірі. Алғашқы қадамдарын бұрынғы кеңестік дәуірден қалған “Нива”, “Енисей” комбайндарымен, “ДТ-75”, “Т-4”, “Т-40”, “ЮМЗ-6” сияқты ескі тракторлармен бастаған болатын. Қазір шаруашылық еліміздегі ірі фирмалардың бірі “ҚазЭкспортАстық” холдингінің құрамында жұмыс істеп, оның тарапынан үнемі қолдау көріп келеді.
Диқанның айтуынша, серіктестіктің егіс алқабы мен жайылымдары 30 мың гектарды құрайды. Онда дәнді және майлы дақылдар, біржылдық және көпжылдық мал азықтары өсіріледі.
– Минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалана отырып, егін шығымдылығын көтердік. Осынау зор табысқа мемлекеттік қолдаудың арқасында жеттік. Негізінен астық өндірумен айналысатын біздің шаруашылықта өндіріс көлемін арттыру үшін техникалық қайта жарақтандыруға, қор үнемдеу технологиясын енгізуге, минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға айрықша көңіл бөлінеді, – дейді серіктестіктің директоры.
Биыл 23 мың гектарға ырыс дәнін сіңірген серіктестік егістікті әртараптандыру бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 5021 гектарға – рапс, 4890 гектарға – жасымық, бір мың гектарға зығыр еккен. Мұнда ауыл шаруашылығын цифрландыру кеңінен қолданып келеді. Мамандар зиянкестермен, арамшөппен күресуде, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжауда “ақылды” технологияларға көп арқа сүйейді. Шаруашылықта бірнеше цифрлық жүйе енгізілген. Жыртылатын жерлер мен техника “GPS” жүйесімен қамтылған, оған жер серігі арқылы мониторинг жүргізіледі. Өндірістік учаскелер бейнебақылау жүйесімен жабдықталса, астық қырманында электронды өлшеу құрылғысы орнатылған. Бұл жұмыстардың нәтижесінде серіктестікте еңбек өнімділігі арта түскен.
Шаруашылық үстіміздегі жылы дәнді дақылдардан мол өнім алды. Серіктестік диқандары бұған дейін астықтың шығымдылығын 55 центнерге жеткізіп, облыс бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болған. Биыл “Тұқым” ЖШС-нің рекордын жаңартты. Дәнді дақылдар алқабының бір гектарынан 62,5 центнер өнім жинады. Ал жауапты науқанның қорытындысы бойынша шаруашылықтағы орташа өнімділік 40 центнерді құрады. Жаңа өнімді сақтауда да еш қиындық көрмеуде. Астық соңғы технологиямен жабдықталған бидай кептіргіш, астық тазалағыш құрал-жабдықтармен жарақтандырылған қоймаларда сақталуда.
Сейілбек Ғазезұлының еңбегі еленіп, Астанада отандық және шетелдік инвесторлардың, салалық одақтар мен қауымдастықтардың, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен өткен “Agro Forum – 2018” форумында “АӨК өнімі өндірісінің рекордшысы” аталымында жеңіске жетті.
– Жақында Мемлекет басшысынан награда алдым. Бұл мен үшін зор абырой. Бұл – ұжымымыздың еңбегіне берілген үлкен баға. Тәуелсіз Қазақстанды әлем таныған байтақ елге айналдыруда Елбасымыздың еңбегі ерен. Өз басым Мемлекет басшысын шетелдік сапарларда мәртебелі төрден көргеніме мерейленемін және осындай ұлы тұлғамен бірнеше мәрте кездескенімді мақтаныш тұтамын, – дейді Сейілбек Ғазезұлы.
Қазіргі таңда “Бабық-Бұрлық” ЖШС-нің егіншілікпен қатар асылтұқымды мал фермасы бар. Агроқұрылым асылтұқымды мал өсіруді қолға алған. Алғашқыда шаруашылыққа қазақтың ақ бас сиырының 200 бас төлі әкелінсе, бүгінде олардың саны үш мыңға жақындады.
– Асылтұқымды ірі қара өсірумен айналысқан күннен бастап біздер оның басын үш мыңға жеткізіп, одан кейін ғана сатуды көздедік. Сондықтан бүгінге дейін қорадағы мал санын көбейту үшін ғана жұмыс атқарып келдік. Енді ірі қара етін нарыққа шығаруды қолға алатын боламыз. Сондай-ақ, тағы да 400 бас алуды жоспарлап отырмыз, – деді Сейілбек Ғазезұлы.
Ауылда дəрігерлік амбулатория, балабақша, Мəдениет үйі жайнап тұр. Қоғамдық монша, жазғы би алаңы бар дəмхана, стадион, жабық мұз айдыны, субұрқақ, балдырғандар үшін ойын жəне демалыс орындары іске қосылған. Сөзге берік, іске мығым азаматтың ойлайтыны – жұрттың қамы. Бұл ауылға жақын маңдағы елді мекендерден көшіп келіп жатқандардың қатары жыл санап көбеюде. Сондықтан тұрғындар сұранысын қанағаттандыру үшін келер жылы елді мекенде “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында үйлер салу жоспарлануда.
Бір жарым мыңға жуық тұрғыны бар ауылда жұмыс мәселесі шешілген. Серіктестік жұмысшыларының орташа айлық еңбекақысы 140 мың теңгені құрайды. Жұртшылықтың алғысын арқалаған азамат өңір экономикасының дамуына сіңірген көпжылғы еңбегі үшін “Құрмет” орденімен, мерейтолық медальдармен, облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Зәуреш АХМЕТОВА,
облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.