
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішевтің қатысуымен өткен “Ашық жүрек” форумында “Жастар жылы” қорытындыланды.
Жиналғандар алдымен “Jas Otan” жастар қанаты облыстық филиалы мен жергілікті жастар ұйымдары әзірлеген өңір өрендерінің республикалық деңгейдегі жетістіктері көрсетілген көрмені тамашалады. Өңір жастары жұмыссыздық деңгейін төмендетуді көздейтін “Жастар тәжірибесі”, “Дипломмен – ауылға!”, “Жасыл ел” бағдарламаларына белсене қатысып, мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануда. Атап айтқанда, “Жасыл ел” бағдарламасының аясында 683 студент жазғы демалыста орманшыларға көмектесіп, көгалдандыру жұмыстарына атсалысқан. Соңғы үш жылда еңбек жасағының қатарында жұмыс істеген жастар алты мың түп ағаш отырғызып, 2500 гектар жерді абаттандырды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыста жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,7 пайызды құрады. Бұл – республика бойынша екінші көрсеткіш.
Жиналғандарды “Жастар жылының” табысты аяқталуымен облыс әкімінің атынан оның орынбасары Руслан Әлішев құттықтап, алдағы уақытта да осы қарқынмен жұмыс істеп, еліміздің дамуына үлес қосуға шақырды. “Өскелең ұрпақты қолдауда жастар ресурстық орталықтарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені, жастардың бос уақытын және демалысын ұйымдастыру, мамандардың кәсібилігі аса маңызды. Жастар өз ойын ашық жеткізіп, пікір алмаса алатын осындай форматтағы іс-шаралардың да көмегі зор”, – деген Руслан Қанатханұлы жастарды жұмыспен қамтуға үлес қосқан азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.