«Туған жердің жусаны жұпар» деп халқымыз бекер айтпаған ғой, өсіп-өнген өңірім, алтын бесігім – Солтүстік Қазақстан облысына ат басын тіреген сайын көк дөнен көңіл көк аспанды шарлап, небір тәтті сезімдерге берілемін. Бүгін де Қызылжар топырағының, Есіл өңірінің ажарынан нұр төгіліп тұр. Әсіресе, теңіздей толқыған астықты алқап көздің жауын алады.
Әне, ақ шаңқан үйлері ерке Есілдің бойында қанат жайған туған ауылым Көбештің де (жергілікті тұрғындар Николаевканы осылай атайды) төбесі көрінді. Бұл – маған өте ыстық мекен. Кіндік қаным тамған жер. Балалық шағым да осында өтті. Жастайымнан бағып-қағып өсірген марқұм әжем үлкен өмірге де мені осы жерден шығарып салған. Мен үшін бұл дүниеде Көбештен қымбат, Көбештен көрікті жер жоқ. Дүниенің қай бұрышында жүрсем де, оған деген сағынышым бір сейілмейді.
Өткен жылы ауылымыздың 120 жылдық мерейтойын дүйім жұртшылық болып атап өткен едік. Араға бір жыл салып, туған топырағыма тағы келіп тұрмын. Жаз ауылдықтардың бел шешіп, тізе бүгуді білмейтін кезі ғой. Менің жерлестерім де қол қусырып қарап отырмаған сияқты. Оны әр аулада үйіліп жатқан отын-шөптен, дала төсіндегі қарбалас қимылдан-ақ аңғаруға болады.
Келген сайын мені жерлестерім құшақ жая қарсы алады, әжемнің көзіндей болып кеткен ақ жаулықты аналар май-қаймағын алдыма тосады. Шіркін, ауылға не жетсін!
Соңғы бір жыл ауыл өміріне көптеген оң өзгерістер әкеліпті. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сияқты мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз ісін ашып, табыс көзін тауып жатқандар аз көрінбейді. Әйтеуір, халықтың қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын түсініп, мемлекеттің қолдауын қапысыз пайдалануға ұмтылып жатқаны байқалады.
Табаным ауыл топырағына тигенде, жерлестерім алдымен теңгенің еркін айналымға жіберілгеніне реніш білдіреді-ау деп ойлағанымды несіне жасырайын. Бірақ, өзім әңгімелескендердің дені: «Елбасымыз әлемдік дағдарыс бізді де орап өтпейді, қиындықтарға дайын болуымыз керек деп талай рет ескертті ғой. Бұл да өмірдің бір сыны шығар, бірлігіміздің, жұмыла жүріп жұмыс істеуіміздің арқасында одан да өтеміз», – деп қалыптасқан жағдайды байыппен бағалайтындарын бүкпесіз білдірген.
Мен де жерлестерімді экономиканың бүкіл дүниежүзінде нашарлағанынан, дағдарыс барлық бағытта, яғни шикізат тауарларына, валюта, қаржы нарықтарына әсер етіп отырғанынан, бюджетке түсетін қаржының едәуір төмендеп кеткенінен хабардар еттім. Осыған дейін мұндай жағдайлардың талайынан өткенімізді, тәуелсіздік жылдарындағы ел тарихында мұнан да ауыр күндер болғанын, барлық зауыттар мен фабрикалардың тоқтап, екі миллион адамның жұмыссыз қалғанын, зейнетақы мен жалақы төлей алмай қиналғанымызды, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың даналығы талай тығырықтан алып шыққанын айттым.
Теңгеге байланысты мәселелердің оңтайлы шешілуін, қалыптасқан жағдайдың халықтың тұрмысына әсер етпеуін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы Үкіметке бағаны бақылауға алатын арнайы штаб құруды тапсырған болатын. Мұндай штабтар облыс орталығында, барлық аудандарда құрылыпты. Қайтар жолда Қызылжарға соғып, осы істің жайына да ден қойдық, бірнеше сауда орталықтарында болдық, кәсіпкерлермен, тұрғындармен әңгімелестік.
Жалпы алғанда, теңге еркін айналымға жіберілгеннен кейін өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы айтарлықтай өзгермеген, жағдай тұрақты. Оның жайын арнайы штаб қадағалап отыр. Ол күніне екі рет бағаға мониторинг жүргізетін көрінеді. Сол сияқты азық-түлік тауарларына негізсіз баға көтеру фактісі орын алған жағдайда жедел хабарлау үшін «Қауырт желі» жүйесі іске қосылған. Мұнда хабарласқандар да болыпты. Мәселен, бір тұтынушы жекелеген сауда орындарында қанттың 1 килограмы 185 теңгеге дейін көтерілгенін жеткізіпті. Соған орай қантты негізгі жеткізіп беруші – «СКБ Север» ЖШС-нің иелерімен жүргізілген түсінік жұмыстарының нәтижесінде оның бағасын 170 теңгеге дейін төмендетуге қол жеткен.
Осы мәселелердің барлығын облыс әкімі Ерік Сұлтановтың өзі жеке бақылауында ұстап отырғанын айтқан жөн. Ол тиісті басқармалардың басшыларына Петропавл қаласы мен облыс аудандарында жергілікті тауарөндірушілердің өніміне арналған фирмалық дүңгіршектер ашу мүмкіндігін қарастыруды және жәрмеңкелер өткізу кезінде солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұйымдастыруды тапсырыпты.
Қазіргідей күрделі кезеңде Солтүстік Қазақстан облысында қолданылып жатқан ықпалды шаралардың нәтижесі де жоқ емес. Ең бастысы, халық арасында алаңдаушылық, абыржушылық байқалмайды. Жоғарыда айтқанымыздай, олар қиыншылықтарды еселі еңбекпен жеңбек. Соның бір мысалы ретінде, даладағы серпінді айтуға болады. Солтүстікқазақстандық диқандар қазірдің өзінде ораққа кірісіп кеткен. Олар биыл дәнді дақылдардың әр гектарынан кем дегенде 15 центнерден өнім алмақ.
Облыста болған екі күннің ішінде көптеген ұжымдарға соғып, еңбек адамдарымен әңгімелестім. Мені олардың көңілкүйлерінің көтеріңкі екені баурады. Бәрі де облыстың бүгінгі даму қарқынына дән риза және де қол жеткен жетістіктерді өңір басшысы Ерік Сұлтановтың іскерлігімен, уақытпен санасуды білмейтін қажыр-қайратымен байланыстырады. Оған қала көшелерінде жүріп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысқанда өзім де көз жеткіздім. Биыл Қызылжарда он көшені жаңғырту қолға алыныпты. Қалаға кіреберісте әбден тозығы жеткен ескі үйлер болушы еді. Олардың орнына жаңа, заманауи үлгідегі көпқабатты үйлер салынуда. Жамбыл көшесінің бойында зәулім Спорт кешені бой көтеріпті. Бұл жай да көңіліме қуаныш сыйлады. Еліміздің барлық облысында бар спорт кешенінің Қызылжарда болмағанына жүрегім ауырып жүруші еді. Осында еңбек етіп жатқан құрылысшылар облыс басшысының нысанға жиі соғатынын, барлық жұмысты өзі бақылап отырғанын жарыса айтты.
Міне, Солтүстік Қазақстан облысынан Астанаға осындай әсермен оралдым. Елбасының зор сеніміне ие болған, сол сенімді ақтау үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жатқан өңір басшысы Ерік Сұлтановты халықтың да қатты құрметтейтініне көз жеткіздім. Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, сөзі мен ісі үйлесім тапқан басшыға тек табыс тілеймін.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.
Солтүстік Қазақстан облысы.
(“Егемен Қазақстан”,
2015 жылғы 3 қыркүйек).