«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӨЗІ ДЕ, ІСІ ДЕ ҮЙЛЕСІМ ТАПҚАН

«Туған жердің жусаны жұпар» деп халқымыз бекер айтпаған ғой, өсіп-өнген өңірім, алтын бесігім – Солтүстік Қазақстан облысына ат басын тіреген сайын көк дөнен көңіл көк аспанды шарлап, небір тәтті сезімдерге берілемін. Бүгін де Қызылжар топырағының, Есіл өңірінің ажарынан нұр төгіліп тұр. Әсіресе, теңіздей толқыған ас­тықты алқап көздің жауын алады.

Әне, ақ шаңқан үйлері ерке Есілдің бойында қанат жайған туған ауылым Көбештің де (жер­гілікті тұрғындар Николаевканы осылай атайды) төбесі көрінді. Бұл – маған өте ыстық мекен. Кіндік қаным тамған жер. Балалық шағым да осында өтті. Жастайымнан бағып-қағып өсірген марқұм әжем үлкен өмірге де мені осы жерден шығарып салған. Мен үшін бұл дүниеде Көбештен қымбат, Көбештен көрікті жер жоқ. Дүниенің қай бұрышында жүрсем де, оған деген сағынышым бір сейілмейді. 

Өткен жылы ауылымыздың 120 жылдық мерейтойын дүйім жұртшылық болып атап өткен едік. Араға бір жыл салып, туған топырағыма тағы келіп тұрмын. Жаз ауылдықтардың бел шешіп, тізе бүгуді білмейтін кезі ғой. Менің жерлестерім де қол қусырып қарап отырмаған сияқты. Оны әр аулада үйіліп жатқан отын-шөптен, дала төсіндегі қарбалас қимылдан-ақ аңғаруға болады.

Келген сайын мені жер­лестерім құшақ жая қарсы алады, әжемнің көзіндей болып кеткен ақ жаулық­ты аналар май-қаймағын алдыма тосады. Шіркін, ауылға не жетсін!

Соңғы бір жыл ауыл өміріне көптеген оң өзгерістер әкеліпті. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сияқты мемлекеттік бағ­дарламалар арқылы өз ісін ашып, табыс көзін тауып жатқандар аз көрінбейді. Әйтеуір, халықтың қолы қимылдағанның аузы қи­мылдайтынын түсініп, мемлекеттің қолдауын қапысыз пайдалануға ұмтылып жатқаны байқалады.

Табаным ауыл топырағына тигенде, жерлестерім алдымен теңгенің еркін айналымға жі­берілгеніне реніш білдіреді-ау деп ойлағанымды несіне жасырайын. Бірақ, өзім әңгімелескендердің дені: «Елбасымыз әлемдік дағ­дарыс бізді де орап өтпейді, қиын­дықтарға дайын болуымыз керек деп талай рет ескертті ғой. Бұл да өмірдің бір сыны шығар, бір­лігіміздің, жұмыла жүріп жұмыс істеуіміздің арқа­сында одан да өтеміз», – деп қалыптасқан жағдайды байыппен бағалайтындарын бүкпесіз білдірген.

Мен де жерлестерімді эконо­­миканың бүкіл дүние­жү­зінде нашарлағанынан, дағда­рыс барлық бағытта, яғни шикі­зат тауарларына, валюта, қаржы нарықтарына әсер етіп отыр­ғанынан, бюджетке түсе­тін қаржының едәуір төмен­­деп кет­кенінен хабардар еттім. Осыған дейін мұндай жағ­дайлардың талайынан өтке­німізді, тәуелсіз­дік жыл­дарындағы ел тарихында мұнан да ауыр күндер болға­нын, барлық зауыттар мен фабри­калардың тоқтап, екі миллион адамның жұмыссыз қалғанын, зейнетақы мен жалақы төлей алмай қиналғанымызды, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың даналығы талай тығы­рықтан алып шыққанын айттым.

Теңгеге байланысты мәсе­лелердің оңтайлы шешілуін, қалыптасқан жағдайдың халық­тың тұрмысына әсер етпеуін қам­та­масыз ету мақсатында Мем­ле­­кет басшысы Үкіметке баға­ны ба­қы­лауға алатын арнайы штаб құру­ды тапсырған болатын. Мұндай штабтар облыс орталы­ғында, барлық аудандарда құры­лыпты. Қайтар жолда Қызыл­жарға соғып, осы істің жайына да ден қойдық, бірнеше сауда орта­лықтарында болдық, кәсіп­кер­лермен, тұрғындармен әңгімелестік.

Жалпы алғанда, теңге еркін айналымға жіберілгеннен кейін өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы айтарлықтай өзгермеген, жағдай тұрақты. Оның жайын арнайы штаб қадағалап отыр. Ол күніне екі рет бағаға мониторинг жүргізетін көрінеді. Сол сияқты азық-түлік тауарларына негізсіз баға көтеру фактісі орын алған жағдайда жедел хабарлау үшін «Қауырт желі» жүйесі іске қосылған. Мұнда хабарласқандар да болыпты. Мәселен, бір тұтынушы жекелеген сауда орындарында қанттың 1 килограмы 185 теңгеге дейін көтерілгенін жеткізіпті. Соған орай қантты негізгі жеткізіп беруші – «СКБ Север» ЖШС-нің иелерімен жүргізілген түсінік жұмыстарының нәтижесінде оның бағасын 170 теңгеге дейін төмендетуге қол жеткен.

Осы мәселелердің барлығын облыс әкімі Ерік Сұлтановтың өзі жеке бақылауында ұстап отырғанын айтқан жөн. Ол тиісті басқармалардың басшыларына Петропавл қаласы мен облыс аудандарында жергілікті тауарөндірушілердің өніміне арналған фирмалық дүңгіршектер ашу мүмкіндігін қарастыруды және жәрмеңкелер өткізу кезінде солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сау­дасын ұйымдастыруды тапсырыпты.

Қазіргідей күрделі кезеңде Солтүстік Қазақстан облысында қолданылып жатқан ықпалды шаралардың нәтижесі де жоқ емес. Ең бастысы, халық арасында алаңдаушылық, абыр­жушылық байқалмайды. Жо­ғарыда айтқанымыздай, олар қиыншылықтарды еселі еңбекпен жеңбек. Соның бір мысалы ретінде, даладағы серпінді айтуға болады. Солтүстікқазақстандық диқандар қазірдің өзінде ораққа кірісіп кеткен. Олар биыл дәнді дақылдардың әр гектарынан кем дегенде 15 центнерден өнім алмақ.

Облыста болған екі күннің ішінде көптеген ұжымдарға соғып, еңбек адамдарымен әңгімелестім. Мені олардың көңілкүйлерінің көтеріңкі екені баурады. Бәрі де облыстың бүгінгі даму қарқынына дән риза және де қол жеткен же­тістіктерді өңір басшысы Ерік Сұлтановтың іскерлігімен, уақыт­пен санасуды білмейтін қажыр-қайратымен байланыстырады. Оған қала көшелерінде жүріп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысқанда өзім де көз жеткіздім. Биыл Қызылжарда он көшені жаңғырту қолға алыныпты. Қалаға кіреберісте әбден тозығы жеткен ескі үйлер болушы еді. Олардың орнына жаңа, заманауи үлгідегі көпқабатты үйлер салынуда. Жамбыл көшесінің бойында зәулім Спорт кешені бой көтеріпті. Бұл жай да көңіліме қуаныш сыйлады. Еліміздің барлық облысында бар спорт кешенінің Қызылжарда болмағанына жүрегім ауырып жүруші еді. Осында еңбек етіп жатқан құрылысшылар облыс басшысының нысанға жиі соға­тынын, барлық жұмысты өзі ба­қылап отырғанын жарыса айтты.

Міне, Солтүстік Қазақстан облысынан Астанаға осындай әсермен оралдым. Елбасының зор сеніміне ие болған, сол сенім­ді ақтау үшін жарғақ құла­ғы жас­тыққа тимей еңбек етіп жат­қан өңір басшысы Ерік Сұлта­новты халықтың да қатты құр­меттейтініне көз жеткіз­дім. Хал­қымыз «Жақсының жақ­сылығын айт, нұры тасысын» демей ме, сөзі мен ісі үйлесім тапқан басшыға тек табыс тілеймін.

Абай ТАСБОЛАТОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты.

Солтүстік Қазақстан облысы.

(“Егемен Қазақстан”,

2015 жылғы 3 қыркүйек).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp