«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӨЗ ҚАДІРІН ТҮСІНГЕН ЖАСТАР

Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің кубогына арналған “Тәуелсіздік – тарихтың төл тартуы” атты ІІІ республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысты.

Пікірсайыстың мақсаты – Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласындағы Қазақстан жастарына арналған идеологиялық бағыттарды насихаттау және өңіріміздегі белсенді өрендердің қатарын арттыру.

– Асыл сөздің алтын қазығы болған шешен-билердің халық жадында сақталып қалған дана ойлары – келешек ұрпақ үшін әрқашан тәрбие-өнер мектебі. Терең ой, ұтқыр шешім, қиыннан қиыстыратын тапқырлық – шешендік өнердің ерекше сипаты. Ал бүгінгі күні пікірсайыс арқылы шешендік өнерді дамытуды көздейміз. Сондықтан тәуелсіз елдің төл ұландары ақыл-парасатымен, ұтқыр сөзімен ерекшеленіп тұруы қажет, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.

“Ұлттық мұра” дебат орталығы мен облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма бірлесіп ұйымдастырған турнир барысында сегіз өңірдің үздік 20 командасы бақтарын сынады. Пікірсайысшылар Тәуелсіздік жылдарында еліміздің жеткен жетістіктерін, халықаралық қауымдастықта алатын орнын, азаттық үшін жандарын пида еткен бабалар тағылымын, “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясын және тағы да басқа тақырыптар бойынша сөз жарыстырды.

Турнирдің бас төрешісі, республикалық, халықаралық сайыстардың жеңімпазы, Қазақстан пікірсайысының рекордсмені Бекарыстан Аманжоловтың айтуынша, Британ парламенттік форматында ұйымдастырылған шара барысында бір фракция тақырыпты жақтаса, екіншісі даттайды. Әр спикерге 6 минут уақыт беріледі. Осы аралықта олар өз ойларының дұрыстығын төрешіге дәлелдеп берулері қажет. Сөйтіп, пікірсайысшылар турнирдің жеңімпазы атануға бар күш-жігерлерін салды. Жастар еліміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелері төңірегіндегі пікірлерін айтты.

Екі күнге созылған шешендік өнер сайысының қорытындысында, астаналық “Ай-Moon” командасы топ жарды. Семей қаласынан келген “Vamos” командасы екінші орынды иеленді. Үшінші орын тағы да астаналықтардың қанжығасына байланды, яғни “Хан мен уәзір” командасы үздік үштікті түйіндеді. Ал петропавлдық Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларынан жасақталған “Император” командасы төртінші орынға табан тіреді.

Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаз командаға облыс әкімінің кубогы мен 50 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ал басқа жүлдегерлерге 40 және 30 мың теңгенің сертификаттары берілді. Астана қаласының намысын қорғаған Шыңғыс Теңсізбек пікір-сайыстың “Үздік спикері” атанды.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp