
Әлемді алаңдатқан індетке қатысты елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелердің бірі – азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауы. “Qyzyljar – аdaldyq аlany” жобалық кеңсесінің мамандары тұрғындардан түскен шағымдардың негізінде облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталықтың және Қазақстан коммунистік партиясы өңірлік филиалының өкілдерімен бірлесіп, Петропавл қаласындағы сауда орындарына мониторинг жүргізуді жалғастыруда.
Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына ерекше назар аударылуда. Үкіметтің қаулысына сәйкес мұндай тауарлардың қатарына ұн, нан, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, қырыққабат, қант, май, ет және сүт өнімдері, жұмыртқа жатады.
Тексеріс барысында “Северный” сауда үйіндегі тауарлардың құны сөреде көрсетілген бағамен сәйкес келмейтіні анықталды. Өйткені, кассада берілген түбіртекте басқа баға жазылған. Сауда орталығының әкімшілігі бұл жайтты техникалық персоналдың жаңа тауарды қабылдағанда бағаны өзгерткенімен, сөреге жапсырылған қағаздарды ауыстырып үлгермегенімен түсіндірді.
“Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорының тауарлары сатылатын сауда орындарына да қоғамдық мониторинг жүргізілді. Қоғамдық бақылаушылар төрт сауда орнын тексергеннен кейін сөреге қойылатын тауардың сапасы айтарлықтай жақсарды. Бұған дейін тұрғындар сапасыз пияз алуға мәжбүр болған. Оның үстіне сауда орындарының бірқатарында банк картасымен төлем жасау мүмкіндігі қарастырылмаған, “POS-терминал” жоқ. Мониторингтік топ мүшелері сатып алушыларға түбіртектің берілмейтініне де баса назар аударды.
Амангелді САТАНОВ,
“Qyzyljar – аdaldyq аlany” жобалық кеңсесінің жетекшісі.
Сурет https://otyrar.kz/ сайтынан алынды.