«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБАҚТЫҢ СӘНІН КЕТІРМЕЙІК

“Шаңырақ” қосымшасының өткен санында (№104. 06.08.) “Талапай” деген мақала жарық көрген болатын. Ұлттық салт-дәстүрді сақтау, насихаттау аясында өрбіген мақалада дастарқанда қонақтар алдына қойылған етті турамай-ақ, өзара бөліп алуға айналған жөнсіз әдет сыналған еді. Осы мақалаға бірнеше оқырманымыз үн қосып, өз пікірлерін білдірді. Олай болса, көпшіліктің ойын тыңдап көрейік.

Назгүл Ыбыраева,

екі баланың анасы:

– “Талапай” деп аталған мақаланы оқып, шыны керек, біраз ойланып қалдым. Табақтағы етті өзара бөліп алу дұрыс емес. Ондай оймен мен де келісемін. Соңғы кезде мұндай әдет, тіпті, өршіп барады. Қазір той түгіл, өлім-жітімнің өзінде де табақтағы етті әйелдер жағы бөліп алатынын көріп жүрміз ғой. Ең өкініштісі, осының барлығын істейтін – өзіміз. Ет көрмегендей бөліп алып, бір-бір целлофан пакетке салып қойып, құлақнан жегенімізге мәз боламыз да отырамыз. Қонаққа қызық көру үшін бармай ма? Жасы үлкен жеңгелер кейбір кезде “ал, үйіңде балаларың бар” деп, дастарқандағы дәмнен жиып-теріп пакетке салып бергенде өзің ұяласың. Меніңше, жастарды ондайға үйреткенше, керісінше мұндай жаман әдеттен аулақ жүру керек.

Сақып Құсайынова,

Қызылжар ауданының құрметті азаматы:

– Қазір көпшілік сарқыт деген сөздің түпкілікті мән-мағынасын түсінбейтін сияқты. Негізінде, сарқыт – ежелден келе жатқан ырымдардың бірі. Тойдан қайтқан қонақтар түрлі тәттілерден алып, үйдегі балаларына ауыз тигізген. Табақтан қалған етті келіндер өзара бөлісіп, үлкен адамдардың абыройын берсін деп ырым еткен. Қазір мұның бәрі ұмытылды. Қандай шақырысқа барсаң да, етті де, басқа тағамды да бөліп алады. Бұған, әсіресе, әйелдер жағы әуес. Той-томалақта онсыз да тойбастар деп келген қонақтар арасында түрлі ұсақ-түйек нәрселер үлестіріледі. Соны алса, жетпей ме? Алғанның жөні осы екен деп, дастарқандағы нәрселердің барлығын салып алған ұят емес пе? Ал табақтағы етті сәнімен жеп, қалғанын қайтарып отырса да жөн. Өйткені, асүйде де келін-балалар жүрмей ме?

Гүлден Олжабай,

сатушы:

– “Алдыңа ас қойдым, екі қолыңды бос қойдым” дегендей, табақтағы етті жесең де, бөліп алсаң да өз еркің емес пе? Меніңше, сыйлап, жөнімен, жолымен берген етті алған дұрыс. Бірақ табақта бір түйір ет қалғанша бәрін бөліске салу қате. Осыны ең бірінші бастайтын – жеңгелеріміз. Ет түгіл, нанға дейін бөліп алады. Мұндай бейберекеттік дастарқанның берекесін алғанымен қоймай, сырт көзге де жаман әсер қалдырады. Осындай кездерде үлкен әжелер кейінгілерге бас болып, ақыл-кеңестерін айтып, мұндай талапайды тоқтатса, құба-құп.

Жеңіс Құсенова,

бала күтуші:

– Кейбір жиын-тойларда бір түйір етке бола, қызылкеңірдек болған әйелдерді де көріп жүрміз. Осының өзі ұят. Үй иесі алдыңа сыйлап қойған асты жапатармағай бөліп алған дұрыс емес. Қонаққа барған екенсің, сол жердегі адамдарды да сыйлау керек. Көппен бірге жеп-ішіп, сәнімен тарасқан жақсы ғой. Әйтпесе, қазір тойға барсаң, қарның ашып қайтасың. Есесіне үйде қалғандар әкелген сарқыттан жеп, ауыздары бір майланып қалады. “Жұрт алды” деп көпшіліктен қалыспаймыз, әйтеуір. Шындығына келгенде, бұл ұят нәрсе.

Дайындаған

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp