
Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Вячеслав Смирновтың “Волшебная мозаика природы” атты көрмесі өтті. Көрмеге суретшінің алпыс туындысы қойылды.
Шебер туған өлкеге, табиғатқа, жерлестеріне деген сүйіспеншілігін қылқаламға арқау еткен. Суретшінің шығармашылығымен облыс тұрғындары ғана емес, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының өнерсүйер қауымы да жақсы таныс.
– Көрмеге қойылған суреттерде біздің өңірдің әсем табиғаты бейнеленген. Мереке күндері орталық алаңдарда туындыларым жұртшылық назарына ұсынылады. Бүгінде соңымнан ерген шәкірттерім де бар, – деді Вячеслав Смирнов.
Суретшінің 36-шы жеке көрмесін тамашалауға келген жұртшылық шебердің өнеріне тағы бір мәрте тәнті болды. Шебердің туындыларына жоғары баға берген Светлана Зайцева да оның шығармашылығымен жақсы таныс екенін жеткізді.
– Оның туындылары жанға жақын келеді. Суреттерінде бейнеленген табиғаттың тамаша көрінісі адамға ерекше әсер сыйлайды. Туындыларында шынайылық байқалады, – деді қала тұрғыны Светлана Зайцева.
http://petropavltv.kz/