Облыстық бейнелеу өнері мұражайында суретші Вячеслав Смирновтың жеке көрмесі өтті. “Туған өлкеме арнаймын” атты экспозиция облысымыздың 80 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Қылқалам иесінің еңбектерінде туған өңірдің табиғаты айшықты көрініс тапқан. Тасжолдар, жасыл желек, өзендер мен көлдер – автордың басты тақырыптары. Оның картиналарына қарап, туған жерге деген махаббатың одан сайын еселене түседі. Көрмені ерекше ілтипатпен тамашалағандардың бірі петропавлдық Евгений Борцов: “Суреттерге қараған сайын жаз мезгілінің ерекше уақыт екеніне көз жеткізесің. Ыстық күндері табиғат аясына шығып, суға шомылып, дала гүлдерін құшырлана иіскегің келеді”, – дейді.
Вячеслав Смирнов жеке көрмесін осымен 29-шы рет өткізіп отыр. Осы жолы да суретшінің еңбектеріне деген қызығушылық жоғары болды. Бүгінде автордың көптеген картиналары Астана, Алматы қалалары тұрғындарының жеке қорларында сақталуда. “Табиғатымыз өте бай. Түскі уақыттағы Есіл өзенінің келбетін салғанды ұнатамын. Бұл мезгілде табиғат, әсіресе, өзен жағасы ерекше көрікке ие болады”, – дейді автордың өзі.
(Өз тілшіміз).