
“Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды”, – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту қажеттігіне ерекше тоқталды.
Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыру тапсырылды. Сонымен қатар биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақмерзімді жоспарларды бекітіп, сол бойынша жұмыс істеу керектігі ескертілді. Яғни, белгілі бір жоспар бойынша нақты шараларды орындау арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізе аламыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда атап көрсеткендей, алдағы бес жыл ішінде орман алқабында – 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалды алқаптарды кеңейтуге айтарлықтай септігін тигізері сөзсіз. Облыста көшет егу жұмыстары жыл сайын жоспарға сай жүзеге асырылуда. Оған, әсіресе, өскелең ұрпақтың жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік беретін “Жасыл ел” еңбек жасағының жастары айтарлықтай үлес қосуда. Президенттің тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта өңірімізде де тиісті шаралар қолға алынып, көгалдандыру бағытында жоспарға сай жұмыстар атқарылатын болады.
“Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін “Birge – taza Qazaqstan” экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн”, – деген Президенттің айтқан сөздері өте орынды. Өйткені, экологиялық тәрбиені, қоршаған ортаға қамқорлық көрсетіп, қорғау қажеттігін жастарға мектеп қабырғасынан бастап үйретуіміз керек. Сонда ғана табиғатты аялап, оған қамқорлық көрсететін өскелең ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндігіміз бар. Қоршаған ортаны таза ұстау үшін өткізілетін дәстүрге айналған сенбіліктер мен акциялардың да пайдасы мол. Бұл мақсаттағы жұмыстарды күшейту керек деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс. Нәтижесінде еліміз көркейіп, гүлдене түсері анық.
Ерболат ОМАРОВ,
облыстық экология департаментінің басшысы.