«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБИҒАТҚА ЗИЯН КЕЛТІРГЕНДЕР ЖАЗАЛАНДЫ

Облыстық экология департаменті былтыр 349 тексеріс жүргізіп, соның қорытындысы бойынша 279 заң бұзушылықты анықтады. Ведомство басшысы Талғат Сәбиевтің айтуынша, заң бұзушылықтарды жою туралы 107 ұйғарым беріліп, 93,5 пайызы орындалды.

Бұдан бөлек, 29,5 млн. теңге 57 әкімшілік айыппұл салынды. Оның басым бөлігі ерікті түрде өндірілді. Қазір біреуі бойынша мәжбүрлеп өндіру қолға алынған, айыппұл мөлшері – 370 мың теңге шамасында. Сот органдарына қарауға 4 іс жіберілді. Сот 7,3 млн. теңгені өндіріп алу туралы әкімшілік шара тағайындауға қаулы шығарды.

Экологтар мемлекеттік экологиялық бақылау аясында кәсіпорындардан атмосфералық ауа, автокөліктерден шығатын газ сынамаларын, топырақ, табиғи, сарқынды және жерасты суларының сынамаларын алып, нормаға сай болуын қадағалап отырады.

– «Ростан» ЖШС-дан су сынамасы алынып, жүргізілген зерттеулердің нәтижесі бойынша 18 млн. теңгеге жуық айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Петропавловское» желілік өндірістік-диспетчерлік стансасы, «Тайынша май» ЖШС, «Петропавл мұнай базасы» ЖШС-дан топырақ сынамасы алынып, жалпы сомасы 4,5 млн. теңге келтірілген экологиялық залалды жою бойынша ремедиациялау бағдарламалары әзірленді, – дейді департамент басшысы Талғат Сәбиев.

Ал көктемгі су тасқыны кезінде Есіл өзенінен 64 су сынамасы алынған, тиісті нормативтерден асудың 37 жағдайы анықталды. Өңірде тиісті экологиялық заңнамаға сәйкес І санаттағы 3 нысан өнеркәсіптік шығарындыларды бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін орнатуы тиіс.

– «Севказэнерго» АҚ Петропавлдағы жылу-электр орталығының №3 түтін мұржасына орнатты. Кәсіпорынға орнатылған жүйе шығарындылар туралы деректерді «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай- күйі туралы Ұлттық деректер банкіне» автоматты түрде жібереді. Сондай-ақ 31 мамырға дейін жылу-электр орталығындағы жаңа түтін мұржасына орнату жоспарланған, жабдықтар жеткізілді. Сонымен қатар кәсіпорын Есіл өзеніне сарқынды суларды ағызу көзіне де автоматтандырылған жүйені орнату бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ол 31 шілдеге дейін атқарылады, –дейді Талғат Сәбиев.

«Қызылжар су» ЖШС және Петропавл қаласы әкімдігінің «Тазарту, су бұру және су өткізу құрылыстары» МКК облыстық бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда бұл жұмысты биыл атқармақ.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp