Немістің ұлы ақыны Гете өмірінің соңғы сәттерінде Париждегі Лувр мұражайындағы “Афродита Милосская” мүсініне қимастықпен көз алмай ұзақ қараған екен. Бұл бекзат өнерге деген үлкен құрметтің белгісін аңғартады. Иә, шынымен де, қылқаламның құдіреті күшті. Өмірді бояу тілімен жеткізу хас шебердің ғана қолынан келеді десем артық айтқандық емес. Сондықтан да суретші болуға әркімнің жүрегі дауаламайды. Өйткені, бейнелеу өнерін меңгеру үздіксіз ізденісті, тынымсыз еңбекті, ең бастысы, қылқалам құдіретін терең түсінуді талап етеді.
Қазақ қыздарының арасынан сурылып алға шыққан суретшілер аз ғой. Сол аз ғана суретшілердің қатарында жүргендердің бірі – жерлесіміз Алтын Кәрімова. Ол өзінің бойындағы ерекше қабілетін Алматы қаласындағы Гоголь атындағы көркемөнер училищесінде шыңдаған. Сөйтіп, бар ғұмырын, тағдырын суретшілік жолға арнады. “Мен осы өнерге ес-түссіз ғашық болғандықтан, тұрмысқа шығуды да ұмытып кетіппін”, – дейді ол. Қылқалам шеберінің нәзік жанын түсіну жеңіл емес. Тіпті, кейде олар бір суретті бірнеше айлар, жылдар бойы аса шеберлікпен шабыттанып бейнелеуі мүмкін. Бұған қаншама уақыт жұмсайды. Суретшілер үшін өмірдің күйбең тірлігі тасада қалып жататыны да сондықтан. Қылқалам шеберінің болмысын, табиғатын ұғыну үшін, әрине, оның шығармаларына зер салған жөн. Бүгінгі күні Алтын Кәрімқызының шағын ғана шеберханасында 50-ге тарта туынды бар. “Пәтерім мұражайдың бөлмелеріне айналды”, – дейді суретші әзіл-шыны аралас. Шынымен де, картиналарының біразы үйінде сақтаулы тұр.
Түрлі тақырыпты қамтыған суреттердің әрқайсысының шертер сыры бөлек. “Оқжетпес”, “Ауылдың қысқы көрінісі”, “Пионер лагері”, “Абхазия елінде”, “Тұлпарлар”, “20-шы шағынаудан”, тағы басқа туындылар суретші жүрегінің қылын шертетіндей. Түрлі бояулармен көмкерілген шығармалардан оның шеберлігі ғана емес, жанының нәзіктігі де аңғарылады. Алтын Кәрімқызының болмысына табиғат бейнесі өте жақын екенін бірден байқауға болады. Оның шығармаларынан табиғаттың романтикалық көрінісін жан дүниесімен түсініп, жүрегімен қабылдайтыны көрініп тұр. Түрлі түсті бояуларға қаныққан суреттер еріксіз көз тартады. Жер жаннаты Бурабайдың әсемдігін айнытпай қаз-қалпында қағаз бетіне түсіруі кездейсоқтық емес. Өйткені, ауыл баласының әсем табиғатқа ғашық болмауы мүмкін бе?! Ол жаздыгүндері ақ қайыңдар желмен тербеле билеп, ал қыста дала беті ақ қарға оранып, ерекше бір сұлулық кейпіне енетін ауыл көріністеріне кішкентайынан ғашық болып өсті.
Қылқалам шеберінің картиналарынан сәйгүліктердің ауыздығымен алысып тұрған немесе жердің шаңын шығарып, шауып келе жатқан көріністерді де көруге болады. Бұл суреттер қазақ халқының жылқы малына ежелден жақындығын паш етіп тұрғандай.
Ол ұлттық салт-дәстүр көріністерін де кенеп бетінде айшықтайды. Бала кезінде әкесінен естіген аңыз-ертегілер, нақыл сөздер, жыраулар мен әншілердің ғибратты әңгімелері қанық бояумен көмкерілген картиналардың қатарын толықтырды. “Қыз көктем”, “Жалын құс”, “Алғашқы сәуле”, “Ғаламшар” секілді суреттерден аңыз-ертегілердің сарыны байқалады. “Ақын”, “Екі құлыншақ”, “Қыз қуу”, “Той” суреті қазақ халқының рухани құндылығынан сыр шертеді. Әсіресе, “Ақын” атты туындысында еркіндіктің, әншіліктің ұшқыны байқалып, жігіт бойындағы суырыпсалмалық қасиет аңғарылады.
Алтын Кәрімқызының бекзат өнерді таңдауына отбасының да ықпалы зор болғанын айтып өткен жөн. Әкесі Кәрім көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды “халық жауы”, деп қудалаған заманда өмір сүрді. Аққайың ауданының Амангелді ауылындағы алғашқы ұстаздардың бірі болған ол жазықсыз сотталып, жапа шекті. Әкесі оның бойындағы дарынын бағалап, суретшілік өнерді терең меңгеруіне үлкен көмек көрсеткенін қызы ұмытқан емес. Ата-анасы Алтынның жас кезінде келбеті көз тартатын әсем жерлерді аралауына қарсылық білдірмеген екен. Қара теңіз жағалауының, Балтық елдерінің көрінісі, басқа да суреттері осындай сапарларда дүниеге келген шығармалар.
– Әрбір суретім ұйқысыз түндердің, қажырлы маңдай тердің өтеуі. Кейде ертелетіп қағаз, қаламымды алып, қала сыртына кетуім мүмкін. Орман ішін жалғыз аралаған сәттерім де аз емес. Сондықтан суретші болу бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, машақаты да жетіп жатыр, – дейді Алтын Кәрімқызы ағынан жарылып.
Суретшінің картиналары бірнеше рет қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық көрмелерге қойылды. Ресейдің Челябі қаласының және Түмен облысының жұртшылығына да ұсынылды. Алтын Кәрімқызының суреттеріне Ресей, Германия, Болгария елдеріне көшіп кеткендерден сұраныс көп түсіп жатады екен. Мұның себебі, пейзаж жанры суретшінің жанына жақын болғандықтан шығар. “Алтынның шығармаларындағы әсем табиғаттың сипаты туған елге деген сағынышымызға ем”, – дейді олар. Әрі сулы бояумен салынған суреттердің құны жоғары.
Өңіріміздегі қылқалам шеберлерінің ішінен батикпен сурет салуды алғашқы болып меңгергендердің бірі Алтын Кәрімқызы. Нақтырақ айтар болсақ, жібек мата үстіне түрлі нақыштарды бояумен көмкеру өте ептілікті, ұқыптылықты, қиял жүйріктігін талап етеді.
Иә, дарын Құдайдың құдіретімен берілетін қасиет қой. Бойындағы асыл қасиетті тынымсыз еңбекпен ұштастырған суретші өз биігінен көріне білді. Жетпіс жастың төріне шыққан өнер иесінің шаршағаны байқалмайды. “Әлі де талай жақсы туындыларды өмірге әкелу уақыт еншісінде”, – дейді Алтын Кәрімқызы. Ылайым, солай болғай!
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.