«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБИҒАТ МІНЕЗ ТАНЫТЫП ТҰР

Күзгі орақ – дән молшылығы үшін ала жаздай бел жазбаған диқандар қауымы үшін аса жауапты кезең. Алайда, биылғы жиын-терім басталғанына он күннен асқанына қарамастан, әлі күнге дейін егістіктің тек 13,2 пайызы орылған.

Үстіміздегі жылы облысымыздағы егіс алқабы 4,2 млн. гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 2,9 млн. гектар, майлы дақылдар 976,1 мың гектар жерге егілген. Картоп 32,4 мың гектарға, көкөніс 6 мың гектарға отырғызылған болатын. Қазіргі уақытта солтүстікқазақстандық диқандар барлық күш-жігерін астықты жинауға жұмылдырған. Дегенмен, жауапты науқанның барысы кешіктірілуде.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Шақұбаевтың айтуынша, соңғы уақытта толассыз жауған жаңбыр диқандардың құлашты кең сермеуіне мүмкіндік бермей отыр.
– Қазіргі уақытта агроқұрылымдар ауа райының әр күнін тиімді пайдалануға тырысуда. Еңбек ырғағы екі ауысымда ұйымдастырылып, еңбеккерлер үшін барлық жағдай жасалды. Науқанды сәтті жүргізуге қажетті жанар-жағармай тасымалында да ешқандай кідіріс жоқ. Өкінішке қарай, ауа райы ырық бермей отыр. Жауған жаңбырға байланысты бірқатар шаруашылықтарда техника тек жарты күн жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан орақ науқаны кестесінің уақыты ұзарды. Диқандарға жылы қабақ танытпай жауған жауын танап басындағыларға қолбайлау болуда, – дейді Қуандық Нұрғазыұлы.
Ауа райының қолайлы сәтін пайдаланып қалуға тырысқан диқандар 395 мың гектардың астығын бастырып үлгерді. Бұл жалпы алқаптың тек 13,2 пайызы. Танап басында жүрген комбайндар мен жүк көліктері бүгінге дейін қамбаға 533,3 мың тонна бидай құйды. Басқарма мамандарының айтуынша, егіннің шығымдылығы жақсы. Астықтың әр гектарға шаққандағы орташа түсімі әзірше 13,5 центнерді құрауда. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде бұл көрсеткіш 14,1 центнерді құраған болатын. Майлы дақылдардың түсімі де былтырғы көрсеткіштен кем болмайды деп күтілуде. Аталмыш дақылдардың орташа гектар өнімділігі 6,5-7 центнерден айналуда.
Жаңа астық сыйымдылығы 6,6 млн. тоннаны құрайтын жергілікті астық қабылдайтын элеваторлар мен қоймаларға жеткізіліп, кептірілуде.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp