«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБИҒИ СҮТТЕН — ТАЗА ӨНІМ

Бүгінгі күні қазақстандық тауарға шетелден сұраныс жоғары. Әсіресе, азық-түлік өнімдерін “Қазақстанда жасалған” брендімен алыс-жақын елдерге экспорттаудамыз. Дүкен сөрелерінде де шетелдік өнімге бәсекелес бола алатын жергілікті тауарлар қазқатар тізіліп тұр.

“Ростан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өнімдері де тұтынушылардың сұранысына ие. Биыл серіктестік Ресейдің Мәскеу қаласындағы “СельхозЛидер” жауапкершілігі шектеулі қоғамымен модульді зауыттың құрылысын жүргізу бойынша келісім-шартқа отырды. Діттегендері жүзеге асса, онда бір ауысымда 5 тонна сүт өндіруге қол жеткізетін болады.

Осыдан 20 жыл бұрын Аққайың ауданындағы Ленин ауылында іргесі қаланған серіктестік өңіріміздің сүт өнеркәсібі саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі болып табылады. Бұрынғы май зауытының негізінде құрылған кәсіпорынның өнімдері барлық санитарлық және техникалық талаптарға жауап береді. Атап айтқанда, мұнда жоғары сапалы сарымай, балқытылған ірімшік, жұмсақ “Аққайың” ірімшігі, майлылығы төмен сүзбе заманауи техникалық құрал-жабдықтардың көмегімен дайындалады. Зауыт директоры Владимир Ростовщиковтың айтуынша, өндіріс барысында әлемнің үздік технологиялары пайдаланылады.

Білікті басшы нарық заманында көштен қалмау үшін жаңа бастамаларды қолға алып, құрал-жабдықтарды жаңартудың маңыздылығын жақсы түсінеді. Атап айтқанда, зауыт жұмысын уақыт талабына сай жетілдіріп, өнімнің сапалық көрсеткіштерін, оның түрлерін көбейту жолында біраз жұмыстың басын қайырған. Әр жылдары жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесі – дүкен сөрелерінде “Ростан” сауда маркасымен саудаланып жатқан сарымай мен қатты ірімшік. Маңайдағы елді мекендерден сүт тасумен айналысатын автокөліктердің саны артқан. Сондай-ақ, 2004 жылдан бастап кәсіпорында ірімшікті қаптау жұмыстарын “Амисмок” заманауи технологиясының көмегімен жүргізеді.

Зауыттағы өнімділікті арттыруды көздеген кәсіпорын жеке қаражатына және екінші деңгейлі банктен алған несиеге бір ауысымда 700 килограмм қатты ірімшік шығаратын заманауи құрал-жабдықтар кешенін сатып алған. Кәсіпорында майды 200 грамдық брикеттерге салып отыратын құрал-жабдық орнатылған. Көп кешікпей кәсіпорындағы құрал-жабдықтардың қатарын жаңа сепараторлар мен бу қазандықтары толықтырды. Бұл жаңашылдықтар серіктестік жұмысына серпін берді.

– Зауытқа жаңғырту жұмыстарын жүргізудің маңызы зор екенін жақсы білемін. Себебі, бәсекеге жауап бере алуымыз қажет. Бұл мақсатта 100 тонналық 4 контейнер-мұздатқыш сатып алдық. Ал екі жыл бұрын жаңа цехты іске қосып, құрал-жабдықтарды жаңарттық. Бұл жұмыс өз жемісін беруде. Егер өткен жылдың қаңтар-маусым айларында 1,4 мың тонна сүт өңделсе, үстіміздегі жылдың сәйкес мерзімінде бұл көрсеткіш 500 тоннаға артық орындалды, – дейді кәсіпорын басшысы.

Мұнда өнім сапасы және оның сақталу мерзімі қатаң бақылауға алынған. Өнімдер ешқандай қоспасыз табиғи, экологиялық таза шикізаттан жасалады. Яғни, консерванттар мен ароматизаторлар қосылмайды.

Бүгіндері бәсекелестік қарымын күшейткен серіктестіктің өнімдері облыстан тысқары аймақтарда да танымалдыққа ие. Кәсіпкер Астана, Қарағанды, Көкшетау, Атырау, Балқаш және Ресейдің Екатеринбург, Омбы, Владивосток қалаларының тұрғындарын сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Серіктестік басшысы кәсібін дөңгелету үшін “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалының көмегіне жиі жүгінеді. Ол 2014 жылдан бері кәсіпорынның айналым қаражатын көбейту мақсатында екінші деңгейлі банктен 123,4 млн. теңге несие алған.

Серіктестік түрлі байқауларға да қатысады. Атап айтқанда, 2004 жылы “Жылдың үздік кәсіпкері” аталымында жеңіске жеткен болатын. 2011-2013 жылдары кәсіпорын Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” мен “Парыз” сыйлығының, “Қазақстанның үздік тауары” көрме-сайысының лауреаты атағын иеленген. Сондай-ақ, серіктестік “2014 жылдың сала үздігі” медалімен марапатталды. Владимир Михайлович мұндай жетістікке ұжымның ерен еңбегінің арқасында қол жеткізіп отырғанын атап айтты. Бүгінгі таңда серіктестікте 48 адам жұмыс істейді. Олардың көздегені бір – тұтынушыларды сапалы өніммен қамтамасыз етіп, кәсіпорынның бүгінгі абыройына дақ түсірмеу.

Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін одан әрі арттырып, экспорт көкжиегін кеңейтуді жоспарлауда.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp