“Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” 25 жұлдызды күн жалпыұлттық акциясы аясында Спорт сарайында өңір спортшылары жылды қорытындылады. Бұл шараға үстіміздегі жылы облыстық және республикалық сайыстарда жеңіске жетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінген командалардың мүшелері, олардың жаттықтырушылары, қалалық және аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің өкілдері қатысты.
Шараның ашылу барысында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан орынбасары Анархан Дүйсенова жиналғандарды құттықтап, сәттілік тіледі.
Содан кейін облыстың білім саласындағы спорттық жеңістер мен жетістіктер қорытындыланды. 2016 жыл – еліміз үшін айрықша, мерейлі де, мерекелі жыл. Атап айтқанда, облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 1426 спорт секциясы жұмыс істесе, оларда спортпен шұғылданушылар саны 23 мың адамға жеткен. Балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру дайындығы және аулалық клубтарындағы 437 секцияға 8 мыңға жуық оқушы қатысады. Ал өңірдегі барлық секцияларда жалпы мектеп оқушыларының 41,9 пайызы спортпен шұғылданады.
Жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік білім беру орындары оқушыларының саламатты өмір салтын қалыптастыру, оларды спортпен шұғылдануға тарту мақсатында облыстық білім басқармасы жыл сайын мектеп оқушылары арасында қысқы және жазғы спорт түрлерінен “Ақша қар”, “Жастар”, екінші деңгейлі колледждер арасында кешенді “Сұңқар”, бірінші деңгейлі колледждер арасында кешенді “Жас сұңқар” спартакиадаларын, баскетбол, волейбол, шағын футболдан мектеп лигасын өткізген. Қала және облыстық деңгейде жыл бойы ұйымдастырылған жүзден астам спорттық-бұқаралық іс-шараға қатысушылардың саны 70 мыңға жеткен.
Шара барысында ұзақ жылғы еңбегі, білім саласындағы спортты дамытуға, саламатты өмір салтын насихаттауға қосқан зор үлесі үшін бір топ азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, бір топ жерлесіміз облыстық білім басқармасының марапатына ие болды.
Жыл қорытындысындағы жаңалықтардың ішінен үстіміздегі жылы Бразилияда өткен жазғы Олимпиада қатысушылары Маргарита Мұқашева мен Екатерина Эктоваға естелік сыйлықтың табысталғанын ерекше атап өтуге болады. Өз кезегінде олимпиадашылар іздерін басқан жас өрендерге тынбай еңбектенудің қажеттілігін айтып, тәжірибелерімен бөлісті.
Бір сағатқа созылған шара барысында облысымыздың 2016 жылдың үздік спортшылары мен “Құлагер”, “Жастар” және “Жұлдызша” спартакиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, облыстық және республикалық акробатика, гимнастика, гір спорты, армрестлинг, күрес, велоспорт және тағы басқа спорт командаларының мүшелерімен қатар, оларды бәсі биік жарыстарға баптаған бір топ жаттықтырушылар да марапатқа ие болды.
Шара соңында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан облыс біріншілігі салтанатты түрде бастау алды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.