«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБЫСТЫ ЕСЕЛЕУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

Жыл басында “Қарапайым заттар экономикасы” бағ­дарламасына өзгертулер ен­гізілген болатын. Соның нәтижесін­де кәсіпкерлер 10 жылға дейін же­ңілдікпен несие алу мүмкін­дігіне ие болды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ольга Цымбалюктің айтуынша, бүгіндері аталмыш бағдарлама аясында ел бойынша мыңдаған жоба қаржы­лан­­дырылған. Бұл мақсатқа 235 млрд. теңге бағытталған. Соны­мен қатар 295 жобаны екінші деңгей­лі банктер жан-жақты зерттеуде.

– Қазіргі таңда облыс бойынша 39 жоба мақұлданып, кәсіпкер­лер­­ге 8 млрд. теңге берілді. 6,8 млрд. теңгенің тағы 15 жобасы банктердің қарауында жатыр. Бұ­дан бөлек жобалық кеңсе әлеует­ті 62 жобаға мониторинг жүргізу­де. Олар бойынша бизнес-жос­парлар жасалып, қажетті құжат­тар жиналуда. Өтініш берушілер “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қо­рынан кепілдік алуда, – деді ол.
Бағдарлама аясында 600 млрд. теңге отандық өндіруші­лерді қолдау мақсатында бөлін­ген. Алдағы уақытта осы қара­жатты игеру міндеті тұр. Сон­дықтан өңір кәсіпкерлері қажетті құжаттарды жинап, тапсырған жағдайда жаңа өндіріс ашуға немесе кәсібін кеңейтуге мүм­кіндік алады.
Бұрын жеңілдікпен несие 7 жылға дейін берілсе, биылдан бастап бұл мерзім 10 жылға дейін ұзартылды. Жаңашылдық осыған дейін қаржыландырылған жоба­лар­ды да қамтиды. Яғни, 2018 жылдың соңында несие алғандар “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры­на және несие рәсімдеген екінші деңгейлі банкке жүгіне алады.
Азық-түлік өндірушілерге айналым қаражатын толтыруға да мүмкіндік жасалуда. Бұл қолдау екінші деңгейлі банктің өз қара­жаты есебінен көрсетілетін бола­ды. Өз кезегінде мемлекет кәсіп­керлердің алдына жаңа міндет қойып отыр. Демеуқаржы алушы­лар өндіріс көлемін арттырып, жұ­мыс орны мен салықтық түсім­дерді көбейтіп, кәсіпорын­да­ры­ның табысын ұлғайтуды қамта­масыз етулері керек.

 

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp