
Жыл басында “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасына өзгертулер енгізілген болатын. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер 10 жылға дейін жеңілдікпен несие алу мүмкіндігіне ие болды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ольга Цымбалюктің айтуынша, бүгіндері аталмыш бағдарлама аясында ел бойынша мыңдаған жоба қаржыландырылған. Бұл мақсатқа 235 млрд. теңге бағытталған. Сонымен қатар 295 жобаны екінші деңгейлі банктер жан-жақты зерттеуде.
– Қазіргі таңда облыс бойынша 39 жоба мақұлданып, кәсіпкерлерге 8 млрд. теңге берілді. 6,8 млрд. теңгенің тағы 15 жобасы банктердің қарауында жатыр. Бұдан бөлек жобалық кеңсе әлеуетті 62 жобаға мониторинг жүргізуде. Олар бойынша бизнес-жоспарлар жасалып, қажетті құжаттар жиналуда. Өтініш берушілер “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорынан кепілдік алуда, – деді ол.
Бағдарлама аясында 600 млрд. теңге отандық өндірушілерді қолдау мақсатында бөлінген. Алдағы уақытта осы қаражатты игеру міндеті тұр. Сондықтан өңір кәсіпкерлері қажетті құжаттарды жинап, тапсырған жағдайда жаңа өндіріс ашуға немесе кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алады.
Бұрын жеңілдікпен несие 7 жылға дейін берілсе, биылдан бастап бұл мерзім 10 жылға дейін ұзартылды. Жаңашылдық осыған дейін қаржыландырылған жобаларды да қамтиды. Яғни, 2018 жылдың соңында несие алғандар “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорына және несие рәсімдеген екінші деңгейлі банкке жүгіне алады.
Азық-түлік өндірушілерге айналым қаражатын толтыруға да мүмкіндік жасалуда. Бұл қолдау екінші деңгейлі банктің өз қаражаты есебінен көрсетілетін болады. Өз кезегінде мемлекет кәсіпкерлердің алдына жаңа міндет қойып отыр. Демеуқаржы алушылар өндіріс көлемін арттырып, жұмыс орны мен салықтық түсімдерді көбейтіп, кәсіпорындарының табысын ұлғайтуды қамтамасыз етулері керек.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.