«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБЫСТЫ ОН ЕКІ АЙ

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында 2019 жылы атқарылған жұмыстар сараланды. 

– Былтыр әр салада жүргізілген жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық салада айтарлықтай табыстарға қол жеткіздік. Халықтың тұрмысын  жақсартуға күш салынуда. Ендігі кезекте  алда тұрған міндеттерді саралауымыз керек, – деді Құмар Іргебайұлы.

2019 жылы экономиканың барлық саласында өсім тіркелді. Атап айтқанда, облыстың қысқамерзімді экономикалық индикаторы 106,6 пайыз болды. Кәсіпкерлік нысандарын ашу арқылы 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Инвестиция 5 пайызға, құрылыс жұмыстары 2,5, өнеркәсіп өндірісі 2, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 1 пайызға өсті.
 Ал бюджетке түсетін міндетті және өзге де салық түрлерінен түскен түсім жоспардан 6,8 пайызға артық. Он екі айдың қорытындысы бойынша облыста орташа айлық еңбекақы 16 пайызға артып, 126 мың теңгеге жетті.
Ауыл шаруашылығында да ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізілді. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешен қызметкерлерінің алдына 2022 жылға дейін еңбек өнімділігі мен өңделген өнімдер экспортын екі жарым есеге арттыру міндетін қойған болатын. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін облысымызда жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Агроөнеркәсіп кешенінде цифрландыру, озық технологияларды қолдану, минералдық тыңайтқыштарды енгізу бойынша жүргізілген шаралардың нәтижесінде салада 1,5 пайыздық өсім байқалып, 630 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Егістік алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде майлы дақылдар себілетін жер 1 млн. гектарға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, картопқа, көкөніске бөлінген алқаптар кеңейтілді. Ал 20 мың гектарға соя дақылы егілді. 
Соңғы жылдары облысымызда сүт өндіру мәселесіне басымдық берілуде. Егер 2018 жылы облыста төрт тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілсе, былтыр үш кешен іске қосылды. Қазіргі таңда Ғабит Мүсірепов атындағы, Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарында сүт фермаларының құрылысы басталды. Нәтижесінде екі жүзге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жылдық қуаты 5 мың тонна етті бағыттағы құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Ақжар және Айыртау аудандарында бордақылау алаңдарын салу көзделіп отыр. 
Білім беру саласы да қарқынды дамуда. Былтыр облыс бюджетінің отыз пайызы, яғни 65,9 млрд. теңге аталмыш салаға бағытталды. Бұл қаражат аудандардағы 142 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Үшауысымдық білім беру мәселесі шешімін табуда. Былтыр «Береке» шағынауданында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. 
 – Биыл 338 млн. теңгеге аудандардағы балаларды тасымалдауға қажетті 33 автокөлік сатып алу көзделуде. Төрт колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылмақ. Бұл мақсатқа 1,3 млрд. теңге бөлінеді. Үстіміздегі жылы Петропавл қаласында 900 орындық және Бескөл ауылында 300 орындық мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Қанатқақты жоба аясында Тайынша қаласында 600 орындық және Вишневка ауылындағы апаттық мектептің орнына 120 орындық білім беру ғимаратын салу жоспарлануда, – деді Құмар Ақсақалов. 
Жалпы 294 мектепке бейнебақылау камераларын орнату үшін 259 млн.теңге бөлінді. М.Қозыбаев атындағы СҚУ соңғы бес жылдан бері кешенді қондырғылармен қамтамасыз етілмеген. Биыл жоғары оқу орны үшін заманауи оқу-тәжірибелік корпус салынатын болады. Сондай-ақ, студенттердің санын он мыңға жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілмек. Бұдан бөлек, бірнеше жылдан бері қаржыландыру мәселесі шешілмей келген Ұлттық ұлан әскери институтында курсанттарға арналған оқу корпусы, жатын бөлмелері бар ғимарат және дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеретін болады. 
Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер басым. Он бір айдың қорытындысы бойынша, ақ халаттылардың орташа айлық еңбекақысы 234 мың теңгені құрады. Биыл медицина қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға артты. Сонымен қатар денсаулық сақтау мекемелеріне құны 4 млрд. теңге тұратын құрал-жабдық, «Mersedes» маркалы 66 реономобиль сатып алынды. Алдағы уақытта «Hyundai» маркалы 32 көлік жеткізілетін болады. Денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шешу мақсатында Петропавл қаласының “Шығыс” шағынауданындағы “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында түркиялық инвестор “YDA Holding” компаниясы заманауи ғимаратты 2022 жылы пайдалануға береді. Жалпы құны 50 млрд. теңгені құрайтын ауруханада 350-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, оның жанында дәрігерлер үшін 200 пәтерлік тұрғын үй бой көтереді.
Жеке кәсіпкерлерге бөлінетін несие көлемі екі есе артты. Егер 2018 жылы бұл мақсатқа 2,8 млрд. теңге бөлінсе, былтыр оның көлемі 6 млрд.-қа жетті. Қайтарымсыз гранттар көлемі бес есе артты. Былтыр стартап-жобаларды жүзеге асыру үшін азаматтарға 650 млн. теңгенің қайтарымсыз несиесі бөлінген болатын. Бұл іс-шаралар еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтауға, жұмыссыздар санын қысқартуға мүмкіндік берді.
Өткен жылы 2240 отбасы жаңа қонысқа көшті. Олардың 126-сы – көпбалалы отбасылар. Үстіміздегі жылы мәдениет пен спорт саласында оң өзгерістер орын алмақ. Атап айтқанда оларды қаржыландыру көлемі артады. Айыртау, Есіл және Жамбыл аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтереді. 
Облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес 2021 жылға дейін 226 млрд. теңгенің 34 жобасы жүзеге асырылатын болады. Биыл германиялық “CLAAS” компаниясы комбайн құрастыратын зауытты іске қосу жоспарлануда. Сапалы ауыл шаруашылығы техникасын шығару бойынша әлемдегі көшбасшы компания жылына 300 техника жасамақ. Сондай-ақ, “Траст Петролеум”, “Солтүстік фанера комбинаты”, “ENERGO TRUST” сияқты компаниялар өңірімізде өз жобаларын жүзеге асыруға ниетті. 
Өңір басшысы алдағы уақытта да облыс кірісін арттыру, инвестиция тарту арқылы салық түсімін ұлғайту, халыққа жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша кешенді жұмыстар жалғасын табатынын айтты. 

 

Қанат АТАМАНОВ, 
 “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp