Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында бүгінгідей қиын кезеңде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төлеу қажеттігін, нәтижесінде аталмыш көмек түрі кемінде 1,5 миллионнан астам қазақстандыққа көрсетілетінін айтқан болатын. Президенттің тапсырмасына орай біздің өңір бойынша ақысыз еңбек демалысында жүрген және жұмыссыз қалған 3 мыңға жуық азаматтың есепшотына ең төменгі жалақы деңгейінде, яғни 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем аударылған.
Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында енгізілген карантинге орай жұмыссыз қалған жерлестеріміздің қатарында Анар Баймолдина да бар. Көпбалалы ана бірнеше жылдан бері үйінде тапсырыспен торт пісіріп, нәпақасын тауып келген. Карантинге байланысты жұмысы тоқтаған. Нәзік жан өтініш бергеннен кейін санаулы күндердің ішінде әлеуметтік қолдау түріндегі 42500 теңге есепшотына аударылды. Жалпы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына әлеуметтік төлем алуға 7 мыңнан астам азаматтан өтініш түскен. “Жеке адамдар мен мекемелерден өтініш egov.kz, 42500.enbek.kz және “Тelegrambot” арқылы қабылданды. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың құжаттары “Азаматтарға арналған үкімет” корпорациясына жолданды. Осының негізінде мәліметтер есепке алынып, 3 мыңға жуықа азаматқа әлеуметтік төлем тағайындалды. Қалған 5 мыңға жуық өтініш бойынша тексеру шаралары жүргізілуде”, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшының орынбасары Ринат Елжасов.
“Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры” АҚ облыстық филиалының директоры Анар Жүнісова атап өткендей, әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін арнайы төлемді алуға құқылы азаматтардың тізімі бекітілген. Ол тізімге жалдамалы қызметкерлер, шағын кәсіпорындарда ақысыз демалысқа жіберілген жұмысшылар енгізіліп отыр. Карантин жарияланған қалалардағы ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысшылары да атаулы көмекті алуға құқылы. Сондай-ақ, жеке тұлғалар, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, нотариус, жеке адвокаттар, сот орындаушылары мен медиаторлар, үкіметтік емес ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері де аталмыш қолдауға ие бола алады. Төтенше жағдай жарияланғанға дейін бірыңғай жиынтық төлемін аударған кәсіпкерлер де аталмыш әлеуметтік төлемді ала бастады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі декреттік демалыста отырған аналарға да жәрдемақы берілетінін айтуда. Бұл қаржылай қолдауға ие болу үшін ешқандай құжат жинаудың қажеті жоқ. Тек қана “42500.enbek.kz” сайтына кіріп, өтініш беру жеткілікті. Өтініш тіркелген соң төлемақы үш жұмыс күнінің ішінде арыз берушінің есепшотына аударылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде тұрғындардың жекелеген тобын азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз ету мақсатында да ақшалай қолдау көрсетілуде. “Бүгінгі таңда облысымызда тізім бойынша 34455 адам анықталды. Азық-түлік жиынтығының құны 2 айлық есептік көрсеткішке тең. Бұл қаржы көмек алушылардың есепшоттарына автоматты түрде аударылатын болады. Ол үшін ешқайда хабарласудың немесе өтініш жазудың қажеті жоқ. Қазірдің өзінде атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасыларындағы 1966 баланың атына тиісті қаражат жіберілді”, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мәулетбаева.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.