Бүгінгі таңда ел экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосып жүргендердің қатарында жеке кәсіпкерлердің алатын орны ерекше. Олардың біреулері мал шаруашылығымен айналысса, келесілері егіншілікпен және тағы басқа халықтың қажетіне жарайтын іске білек сыбана ұмтылуда. Ал мен болсам, жеңіл өнеркәсіп саласында жекеменшік наубайхананың тізгінін ұстап, сапалы өнімімізбен тұтынушылардың алғысына бөленуге тырысудамын.
Облыстың шаңырақ көтергеніне – 80, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткен биылғы жыл біздің кәсібіміз үшін нәтижелі болғаны сөзсіз. Жыл соңында “2016 жылдың ең үздік кәсіпкері” өңірлік байқауының қорытындысы шығарылып, жеңіске жеткенімізді білгенде бірден сене қоймадық. Облыс әкімінің қолынан марапатымызды алғанда ұжым болып қуанып, мерейіміз тасыды. Бәсекелі сайыста жеңіске жетуіміз, өнімдеріміздің тұтынушылар арасында жоғары бағаланып, олардың дастарқанынан табылуы мен үшін зор мақтаныш.
Мен жеңіл өнеркәсіп саласында 1984 жылдан бері еңбек етіп келемін. Басында Тараз қаласындағы нан зауыттарында 11 жыл бойы нан пісіру процесіне жауапты шебер қызметін атқарған едім. Кейін кәсіпкерлікке ден қойып, жеке наубайханамды, ал одан соң тәулігіне 30 мың бөлке нан шығаратын шағын зауытты іске қостым. Қажымай еңбектенсең, арты берекелі болатыны шындық екен. Бұл саладағы бай тәжірибеме сүйене отырып, ісімді өрге бастырдым. 2008 жылы Петропавл қаласына жолым түскенде жергілікті дүкендерде сатылып жатқан нанның сапасы сын көтермейтіндігін байқап, ойлана келе өндірісімді солтүстік өңірге ауыстыруға бел будым. Бұл қадамды жасағанда қателеспегеніме бүгінде көз жеткізудемін.
2009 жылы облыс орталығында “Қала-Нан” жеке кәсіпкерлігін құрдық. Әрине, алғашқы қадамымыз оңай болған жоқ. Біраз қиындық көріп, ұмтылыс жасадық. Несие қаржысымен қажетті құрал-жабдықтарды жаңғырту шараларын қолға алдық. Электр пештері мен қамыр бұлғауыш және бөлгіш сатып алып, біртіндеп іске қостық. Сөйтіп, шетелдік жабдықтардың арқасында еңбек өнімділігін арттыруға және сапалы тауар шығаруға қол жеткіздік. Бүгінде жиырмаға жуық қызметкеріміздің үш желі арқылы тәулігіне 20 мың бөлке нан пісіре алатын қуаты бар. Жұмыс жартылай автоматтандырылған. Қажетті бірінші сұрыпты ұн “Кара яз” ЖШС-нен жеткізіледі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдің экономикалық жағдайының еңсесін көтеруіне ерекше үлесін қосатын шағын және орта бизнес саласына қолдау көрсетуде. Өзге кәсіпкерлер сияқты біз де сол қолдауды сезініп отырмыз. Бұл ретте бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыруға ынталымыз. Болашақта өндіріс ауқымын кеңейтіп, кондитерлік өнімдердің түр-түрін шығару жоспарымызда бар еді. Тағы да алынған жеңілдетілген несиенің арқасында бұл ойымыз жүзеге асырылуда. Қажетті бір мың шаршы метрлік ғимаратты сатып алып, оның 300 шаршы метріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл жерде Тауық жылы кондитерлік цех ашылатын болады. Бүгінде қажетті қондырғылар орнатылуда.
Отбасылық бизнесті өркендету үшін ұлдарым Ильяс пен Джанполат біраз еңбек сіңірді. Жыл өткен сайын цехымыздағы құрал-жабдықтарымыз жаңартылып, бүгінде пісірілетін нан және тоқаш өнімдерінің түрін 40-қа жеткіздік. Дәмі тіл үйіретін нанымызға қызылжарлықтар тарапынан сұраныс жоғары. Одан бөлек, Аққайың, Мамлют, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев және Жамбыл аудандарынан да сұраныс күн өткен сайын арта түсуде.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатқанда, бүгінгі жетістігіміз бен жеңісіміздің барлығы да тәуелсіздігіміздің, іске жұдырықтай жұмыла білген ұйымшыл ұжымның көпжылғы төгілген маңдай терінің, еселі еңбегінің жемісі деп білеміз.
Ескендір МУРАДОВ,
“Қала-Нан” нан-тоқаш комбинатының директоры.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.